Елордасы Астананың 20 жылдығына арналған сайыстың Павлодардағы іріктеу кезеңіне 160 спортшы қатысып, тоғызқұмалақ, көкпар, асық ату және қазақ күресі бойынша сынға түсті.



Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының хабарлауынша, павлодарлықтар тоғызқұмалақ бойынша жеңіске жеткен. Спорттың қалған түрлері бойынша қарсыластарына есе жіберген. Тоғызқұмалақтан екінші орынды Қарағанды облысының, үшінші орынды Шығыс Қазақстан облысының командасы қанжығасына байлады. Алматылықтар төрттікті қорытындылады.

Іріктеу кезеңіндегі жүлделі орындар келесі ретпен бөлінді: асық ату бойынша Шығыс Қазақстаннан келген команда бірінші орынға лайық деп танылды. Екінші орынды қарағандылықтар иеленсе, павлодарлықтар үшінші орынға жайғаста. Бұл сайысқа алматылықтар қатыспады.



Көкпардан Алматы облысының тәжірибелі командасы қарсыластарынан айласын асыра білді. Шығыс қазақстандықтар екінші болса, павлодарлықтар үшінші, қарағандылықтар төртінші орынға ілікті.

Қазақ күресінен Шығыс Қазақстан облысының палуандары үздік атанды. Қарағанды облысының командасы екінші орын иегері болса, алматылықтар үшінші орынға табан тіреді. Павлодар облысының командасы төртінші орыннан көрінді.



Ұлттық спорт түрлеріне қызығушылық жыл сайын артуда, - деді ҚР Спорт және мәдениет министрлігі Ұлттық ат спорты орталығының директоры Нұркен Байбөриев. – Бұл әрине қуантады. Фестивальдің тек аудандық, қалалық және облыстық іріктеу кезеңдеріне жеті мыңға жуық спортшы қатысты. Қазір ат спорты бойынша бөлімдер ашылуда. Мектептерде тоғызқұмалақ, асық ату бойынша үйірмелер ашылуда. Яғни, мықты ізбасарлар өсіп келеді.

Еске салайық, іріктеу ойындары еліміздің төрт өңірінде өтуде. «Ұлы дала рухының» финалы күзде Астана қаласында өтетін болады.

Оразбек Саяхат

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Ұлттық спорт, "Ұлы дала рухы", қоғам, фестиваль, спорт