Білім бөлімінің бас маманы Алла Деревнинаның айтуынша Павлодар қаласындағы 42 мектеп оқулықтармен толықтай қамтамассыз етілген.

-  Биыл жаңа форматты оқулықтарды 3,6 және 8 сынып оқушылары алады, - деді бас маман. – Сонымен қатар, жаңа оқулықтар мен жұмыс дәптерлері 1,2 және 3 сынып оқушыларына табысталады. Егер өткен жылы бастауыш сынып оқулықтары А4 форматты болса, биыл оның көлемі кішірейтілді. Сондай-ақ, балабақшалар мен шағын орталықтар үшін жаңа оқулықтар түсті.

428 мың дана оқулықтарды сатып алу үшін  515 миллион теңге бөлінді.

- Бұған қоса биыл 8 және 9 сыныптар үшін биология, физика, информатика пәндері оқулықтары ағылшын тілінде түсті. Алғашқы рет оқулықтардың соңғы бетінде көрсетілген арнайы QR-кодтар басылды. Олар арқылы оқушылар кітаптың электронды нұсқасын ұялы телефонға немесе планшетке жүктеп алуға болады. Бұл уақытша жолға шыққан оқушыларға ыңғайлы.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше оқулықтардың электорнды нұсқасына баспалардың сайтында қыркүйек немесе қазан айында қол жеткізуге болады.

Келесі жылы жаңа форматты оқулықтарды 4,9 және 10 сынып оқушылары алатын болады.

 

Назым Қарабаева

Фото:автор

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, Павлодар, Павлодар облысы, оқулықтар