Бұл туралы аудандық ішкі саясат бөлімі мәлім етті.

-    Марафонды Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облысы бойынша Департаменті мен Баянауыл аудандық әкімдігі ұйымдастырды, - деді бөлімде. – Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және парақорлыққа төзбеушілік принциптерін қалыптастыруға бағытталған шараның эстафетасы  Екібастұз қаласынан Баянауыл ауданына табысталды. Аудандағы адалдық марафоны Ақбет тауының биік шыңында адалдықтың туын, «Адал жол» жалауын желбірету үшін, жемқорлыққа жұрт болып қарсы тұру үшін ауданның белсенді жастарын тау шыңын бағындыруға шығарып салып, Жасыбай-Баянауыл бағыты бойынша жүріп өткен атты шерушілерді қарсы алу шарасынан бастау алды.



Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл  агенттігінің Павлодар облысы бойынша Департаментінің басшысы Әділбек Мұқышев жұрт болып жұдырықтай жұмылудың арқасында жемқорлықтың алдын алуға болатынын айтып өтті.

– Біздің мемлекеттік қауіп-сіздікке жемқорлық атты жамандық төніп тұр. Бұқаралық ақпарат құралдарына сүйенсек, жемқорлықты тек қана парамен шектейді. Бірақ, бұл билікке қиянат ету, өкілеттікті асыра қолдану және алаяқтық екенін естен шығармау керек. Соңғы 2-3 жылда Қазақстанда жемқорлық үшін 2,5 мың адам айыпталды. Бұл кезеңде 17 млрд. теңгеден астам сомаға уәкілеттік берілді. Өткен жылы облысымызда 87 коррупциялық құқықтар тіркелген, ал, 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында 63 факт тіркелді. Бір-бірімізге көмектесу қажеттілігі қанымызда тарихи қалыптасқан. Бірақ, адами көмек пен қызметтік міндет арасындағы шекараны өтпеген жөн. Осы әлеуметтік жамандыққа бірігіп тойтарыс беретін уақыт жетті. Сіздердің саналылықтарыңызға, азаматтық позицияларыңызға мен сенімдімін. Парасыз болашақ бүгіннен басталады.

Адалдық жалауын желбіреткен шарада ән әуелеп, қазақ дейтін қарапайым халықтың алып тұлғасы бейнеленді. Әуезді әнмен сусаған халықты жырмен тербеу мақсатында жыр додасы – айтыс ұйымдастырылып, қара өлеңнің қадірін арттырды. От ауызды ақындар Жұмкен Сейітов пен Таңат Ахатов, Азамат Базарбай мен Тілек Сейітов жұптасып, айтыстың тамаша үлгісін көрсетті. Ақындар қоғамдағы парақорлық пен жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты айтысқа арқау етіп, халықты қасиетінен айырылмауға шақырды.

Аталмыш марафон аясында «Нұр Отан» партиясының Баянауыл аудандық филиалында мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Әділбек Мұқашев қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдау барысында ауыл тұрғындары көкейлерінде жүрген сұрақтарға нақты жауап алды.

Баянауыл балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде «Адал жол» сыбайлас жемқорлыққа қарсы марафоны аясында қазақ күресінен аудандық жарыс өтті. Өңір намысын абыроймен қорғап жүрген белгілі палуандар боз кілемде жолығып, кіл мықтыдан кім мықтыны анықтады. Адал жолмен жүру керектігін салауатты өмір салтын ұстана насихаттап жүрген жастар қос салмақта сынға түсті. Алдымен 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдесулер өтіп, өз үздігін анықтады. Бұл салмақта Ерасыл Сыздықов бірінші орынды иеленді. Айдын Мәжитов екінші, Әсет Букенов үшінші орындарды жеңіп алды. 80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өткен белдесулер нағыз алыптар аламаны болды. Бұл салмақ дәрежесінде Мұхтар Дәлелханұлы бірінші орын иегері атанса, Ерасыл Сыздықов пен Нұрлыбек Садуов қалған қос орынды бөлісті. Осылайша, еліне қорған болар батыр палуандар «Адал жолды» берік ұстануға шақырып, жемқорлыққа жол жоқ екенін ерік-жігер, білек күшімен дәлелдеді.

pavlodarnews.kz

Тэги: