Павлодарлықтар үшін Жанар Дұғалова КешYou тобы құрамында жүрген кезіндегі «Ризамын», «Махаббат», «Қазақтың арулары» сынды әндерді орындарды. Оған қоса, Жанарды әлемге танытқан «Ізін көрем» әні де шырқалды.  



Ertis Promenade сахнасында өнер көрсету барысында Жанар Дұғалова өзінің Павлодарда өскенін тыңдармандардың есіне салды.

- Мен өз үйіме келіп тұрмын, - деді әнші. – Туған өлкемді сағындым. Сахнаға түсіріліп тұрған жарықтың сіздердің жүздеріңізді көруге бөгет болып тұрғаны өкінішті. Бірақ мен сіздерді құшақтау үшін жақындап барамын.



Мыңдаған павлодарлықтар келген концерттік бағдарлама бойы Жанар ниет білдіргендердің бәрімен суретке түсіп, тыңдармандардың қолын ұстады.

Айта кетейік, Жанар Дұғалованың шығармашылық жолы Павлодарда басталған болатын. Бес жасында қазіргі Катаев атындағы облыстық оқушылар сарайы болып тұрған – пионерлер сарайына эстрадалық бағыттағы үйірмеге қабылданған. Алты жасында облыстық «Әнші балапан» вокалдық байқауының жеңімпазы атанды. Көп ұзамай республикалық кезеңде де бас жүлдеге ие болды. 10 жасында Жанар «Айналайын» байқауында Роза Рымбаевамен дуэт айтты. Кейін көптеген ұлттық және халықаралық сайыстарға қатысты. Жанардың қоржынында 70-тен астам марапаттар бар. Оның ішінде атап өтерлігі «Turkvizyon-2014» байқауындағы жеңісі.

2011 жылы «Ғашық жүрек 2» мелодрамасына түссе, 2015 жылы ҚР Еңбек сіңірген қайраткері атанды.



Еске салайық, биыл жазда Ertis Promenade сахнасында ондаған талантты жерлестеріміз өнер көрсетеді. Осы уақытқа дейін Меруерт Түсіпбаева, Роза Мұқатаева, Ринат Мальцагов, Серік Мүсәлімов, «Бастау» дуэті, Дерік Байназаров концерттерін беріп үлгерді.



Сонымен қатар, Ertis Promenade сахнасында облыстық оқушылар сарайында, музыкалық колледжде, Естай атындағы музыка мектебінде және өзге өнер ошақтарында тәрбиеленіп келе жатқан болашақ жұлдыздарды көруге болады.



Жанар Дұғаловамен бір сахнада «Томирис» би ансамблі, Наталья Межуева, Айгүл Жұмағұлова, Анар Табылдина, Бикен Жоламанов, Бақытжан Жұмагелдинов және өзге де талантты павлодарлықтар өнер көрсетті.



Дулат Райымбек
Фото: Светлана Воронова

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Ertis Promenadе, Жанар Дұғалова, мәдениет