Бұл туралы «Ертіс» ФК-нің баспасөз қызметі мәлім етті.

- «Ертіс» клубы жаз айларында дизайнерлер, суретшілер және өзге шығармашылық қабілеттерін көрсетуге дайын азаматтарға клуб эмблемасын ауыстыру жөнінде ұсыныс жасаған еді, - деді баспасөз қызметінде. – Бұл ретте, эмблеманың міндетті түрде өзгеретіні туралы хабарлама жасалған емес. Керісінше, логотипке жаңашылдық енгізу мақсаты болғандығын айта кеткен жөн. Жақында сараптау комиссиясы «Ертіс» футбол клубында бас қосып, сайысқа жіберілген жұмыстармен танысты. Сайыс қорытындысын шығару барысында комиссия клуб атауын латын қарпіне ауыстыру жөнінде ұсыныс тастады.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, арнайы құрылған сараптау комиссиясы павлодарлық клубтың «ИРТЫШ» атауынан, латынша «ERTIS» деп өзгеруі заман талабы екендігін алға тартқан.

- Қазақ тілінің латын әліпбиіне ауысуына байланысты маусым басынан жанкүйерлер клуб атауын өзгерту жөнінде ұсыныстар жасаған. Әлі де қосымша жиындар, талқылаулар өткізілетін болады. Егер шешім шықса атау латын қарпіне келесі маусымнан бастап көшеді, - деді «Ертіс» ФК-нің баспасөз қызметінде.

Сараптау комиссиясының құрамында футбол ардагерлері, Павлодардың құрметті азаматтары, журналистер, облыстық ішкі саясат пен дене шынықтыру басқармасының өкілдері бар.

Айта кетейік, жиын барысында бірқатар шығармашылық жұмыстар жоғары бағаланғанымен ауыстыруға лайық дегендері табылмады. Комиссия қазіргі кезде «Ертіс» ФК эмблемасын жаңартудың қажеті жоқ деген ойға келді. Көпшіліктің көзіне үйренген логотип тартымды сипаттарға ие. Әрі бес дүркін чемпиондық атақ та жақсы бейнеленген. Ортасындағы Ертіс өзенінің, ұшып бара жатқан шағаланың суреті де бекерден бекер орналаспаған. Бұл құс алюминий символы, яғни клубқа қолдау көрсететін ERG компаниясына, өндірісте еңбек ететін жерлестерімізге деген құрмет белгісі.

Оразбек Саяхат

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, "Ертіс" ФК, спорт