Бүгінде инвестициялық бағдарлама аясында № 2 қазандықтың күрделі жөндеу  аяқталды. Бұл жұмыстың  нәтижесінде қазандықтың пайдалы жұмыс коэффициенті артып, жанармайдың жұмсалуы кемиді. Барлығы 2017-2018 жылдары 1-ЖЭО жаңғыртылуына бір миллиард теңгеден астам қаражат құю көзделген.

1-ЖЭО бастығы Александр Люфттың жеткізген ақпаратына сүйенсек, жұмсалған инвестициялар бірінші кезекте қолда бар қуатты сақтауға негізделген.

- Станция 55 жыл жұмыс істеп тұр. Әрине, ол үлкен қаржыны талап етеді. Жүргізіліп жатқан жөндеу шаралары құрылғылардың сенімділігін және экология талаптарына сәйкестігін арттыра түседі. Жылу беру маусымында станцияға  барынша күш түсетін кезеңге барлығы сақадай сай дайын болады, - деп сендірді Александр Люфт.


 
Қазірдің өзінде жөндеу жұмыстары шілдеде аяқталған № 5 қазандық пен №2 турбоагрегат  жылу маусымына әзір.  Бүгінде №6 турбоагрегаттың күрделі жөндеуі де аяқталуға жақын.

1-ЖЭО қаламыздың оңтүстік-шығыс бөлігін жылумен, сонымен бірге Алюминий зауытын бу және электр энергиясымен қамтамасыз етеді.

Павлодарда жылу маусымы 17 қыркүйекте басталады деп жоспарлануда.

Айбек Жұматов

Фото: «Қазақстан Алюминийі» АҚ баспасөз қызметі



pavlodarnews.kz

Тэги: ЖЭО-1, Қазақстан Алюминийі, инвестициялар