Жаңадан экранға жол тартатын бағдарламаларының таныстырылымында олардың әрқайсысының арқалаған жүгі айтылды.

Қос арнаның алдағы жоба-жоспарлары таныстырылған кешке Астанадан арнайы келген «Қазақстан» телерадиокорпорациясы» АҚ Басқарма төрағасының кеңесшісі Қуандық Сүлейменов биылғы маусым «Әр отбасында – ұлттық арна» ұранын ұстанып отырғанын атап өтті.  Сондай-ақ, ұлттық арнаның төл туындылары павлодарлық көрермендердің  де көңілінен шығатынына сенім білдірді.

Айтуынша, жаңа маусымда бұған дейін көрерменнің көзайымына айналған бағдарламалар қатарына отбасылық құндылықтарды дәріптейтін «Шаңырақ» әлеуметтік жобасы, «Қайырлы кеш, Қазақстан» әзілі де әні де бар бағдарлама, реалити шоулар қосылып отыр. Сонымен қатар, кезінде талай жүректе үміт отын оятқан «Жан жылуы» да қайта оралмақ. Түрлі мәселелерді тереңінен қаузайтын «Қарекет» те жалғасын табады. Тек  бағдарлама тізгінін аптаның бес күнінде бес түрлі жүргізуші ұстамақ. «Мен қазақпын!» мегажобасының екінші маусымы басталады. Отандық 16 телехикая крсетілмек. Телеарнаның өкілі жаңалықтарды жеткізуде оқиға орнынан тікелей қосылулар үлесі артатынын айтты.

Корпорацияға қарасты «Балапан» арнасы да жаңартылуда. Мұнда отандық анимациялық өнімдер көбеймек. Мәселен, бұған дейін жеті жылда балаларға арналып 25 анимациялық туынды жасалса, биыл барлығы 180 сериялы 10 анимациялық өнім шығарылыпты. Олардың арасында «Қоңыр қаз», «Шахмат патшасы», «Еркелер» сияқты туындылар бар. Шет елдің де мультфильмдерін сапалы аударып, кішкентай көрермендердің назарына ұсыну жоспарланыпты.

Тағы айта кетерлігі, мұнда 3Д форматтында супер қаһармандар анимациясы да әзірленуде. Яғни, заманауи технологиялардың тетіктері қолданылуда.  Сонымен бірге, «Қазспорт» арнасына да ерекшеліктер енгізілмек. Корпорация жанынан «Тамаша.тв» телеарнасы ашылды.

Ал аймағымыздың басты арнасы – ERTIS телеарнасының да жаңа маусымға дайындығы мығым.

-    Алдағы маусымға әзірлегеніміз аз емес, - дейді Телеарна директоры  Гүлнаш Әбішева. - «Ертіс» арнасы бағдарламалардың кестесінен бастап, олардың бетбейнесіне дейін өзгертпек. Бұл ретте, телеарна басшылығы озық технологияларды барынша қолданбақ. Жаңа маусымда түрлі бағытта 9 жоба қосылады. Бірқатарына тоқталсақ, 1 студия бағдарламасында әртүрлі тақырып қозғалады. Мәселеге көрермен де тікелей эфир барысында хабарласын, ой қоса алады. «Айбын», «Интервью», «Агробизнес», «Цифрлық Қазақстан» атты жобалар да көрерменге жол тартады. Сонымен қатар, Ұлттық арнаның алтын қорында сақталған туындыларды павлодарлықтар назарына жүйелі түрде ұсынылып тұрады. «Әкім сағаты» бағдарламасының көптің көңілінен шығып жатқанын айта кету керек.


Телеарнаның қызметкерлері кәсібилік деңгейлерін көтеру үшін әлемдік арналардағы әріптестерімен байланыс орнатуда. Мәселен, биыл арна делегациясы алғаш рет көрші елдің Кемерово облысында өткен «Черное золото России-2018»  медиафорумға қатысып келген. Осы сапар нәтижесінде  ERTIS телеарнасы ресейлік арнамен өзара әріптестік жөнінде меморандумға қол қойды. Алдағы уақытта павлодарлықтар Ресейдің Омбы, Томск облыстарының арналарымен байланыс орнатуды қолға алмақ.

Таныстырылым кешіне келген көрермендер мен мәртебелі меймандар телеарнаның ұжымына алғыстарын білдіріп, ойларын ортаға салды.

Облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев телеарнаның өркен жаюына алдымен адами ресурс, яғни журналистердің кәсіби деңгейі, екіншіден, цифрландыру әсер ететінін атап өтті. Дәл осы цифрландыру көрерменге жаңа кеңістіктер ашып, сапалы да тартымды туынды жасауға мүмкіндік береді, деді. Билік өкілі  ERTIS  арнасының кейінгі кезде ерекше кейіпке енгенін айтты. Әсіресе, тікелей эфирде  көрсетіліп, елмен тікелей байланыс орнатылатын «Әкім сағаты» жобасының жемісті болғанын бөле-жара атады. Ал ол бағдарлама барысында халықтың «неге бұлай?» деген сұрақ емес, «Қалай істесек болады?» деген сауалдар қоюы рухани жаңғырудың айқын көрініс, деді М.Бегентаев.

Ал қоғам қайраткері, «Майдан жолы» іздеу жасағының іргесін қалаушылардың бірі Жұмабек Қамзин еліміз үшін маңызды жобаларды жүзеге асыруда бұрынғы «Қазақстан-Павлодар», яғни қазіргі «Ертіс» арнасының ұжымы барынша қолдау көрсеткеніне тоқталды. Осы ретте, ол талай батырларымыз жайлы көрші елдерге барып, деректі фильмдер жасаған ардагер журналист Ақмарал Сағынбековаға ризашылығын білдіріп, кеудесіне арнайы төсбелгі тақты.

Марапаттар мұнымен біткен жоқ. «Қазақстан» ұлттық арнасы атынан келген Қуандық Сүлейменов  ERTIS телеарнасының бірқатар ардагеріне Ұлттық арнаның 60 жылдық мерейтойлық медальдарын табыстады.

Таныстырылым кеші ән мен биге ұласты.


Гүлжайна Түгелбай
Фото: Александр Бичинев

pavlodarnews.kz

Тэги: Цифрлы Қазақстан, қоғам, мәдениет