Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлбарам Белялова төрт отбасы атаулы әлеуметтік көмек алуға құжат тапсырғанын атап өтті.

 -  Қазіргі кезде алғашқы отбасы атаулы көмекті алып үлгерді, - деді Гүлбарам Белялова. – Ол отбасында төрт адам бар, табыстарына сай есептеліп, адам басына жеті мың теңгеден төлем жасалды. Жалпы, бүгін аталмыш шағын ауданның тұрғындарына мемлекет тарапынан қандай көмек ала алатындары жөнінде кеңес берудеміз. Өйткені мұнда әртүрлі көмек қаражатын алуға құқылы болса да, сол мүмкіндікті пайдаланбай отырғандар бар. Бұдан бұрын  облыстық «Нұр Отан» партиясының өкілдерімен бірге үйлерді аралап, әлеуметтік әлсіз топтарды анықтап шыққан едік. Кейін тұрғындар хабарласып, өзге де қалып қойған отбасылар бар екенін айтты. Біз қайта аралап, 22 отбасыны анықтадық. Олардың ішінде зейнеткерлер, мүгедектер, аз қамтылған отбасылар бар.

 Сонымен қатар, денсаулық сақтау басқармасының өкілдері тұрғындарға медицина жағынан ұсынылатын көмек жөнінде кеңестер берді.

 Екінші Павлодар тұрғындарының белсендісі Айнаш Сүтбаева жер асты суы басқан үйлердің арасында қысқы мезгілге дайын еместері бар екенін жеткізді.

 -  Біз 10 үйді анықтап бергенбіз, - деді Айнаш Сүтбаева. – Ол үйлердің жағдайы өте нашар. «Нұр Отан» партиясы кәсіпкерлерге айтып көмек көрсетілетін болды. Бүгін кірпіштер әкеліп түсіруде. Ал, шағын аудандағы су деңгейінде айтарлықтай өзгерістер жоқ. Жаңбыр жауғаннан қауіптенеміз. Жауын-шашын кезінде жағдай қиындай түседі. Бүгін әлеуметтік әлсіз топтарға кеңес беру арқылы көмектесуде. Су басқан үйлердің арасында аз қамтылған, жалғызбасты аналар көп болып шықты.

 Еске салайық, Екінші Павлодардың сегіз көшесінде 200-ге жуық үйді су басқан болатын.

Оразбек Саяхат

Фото: Светлана Воронова

pavlodarnews.kz

Тэги: Екінші Павлодар, қоғам