Медициналық мекеменің жұмысымен таныстырған аурухананың бас дәрігері Советхан Смаков  алдағы уақытта қабылдау бөлімшесінің аумағы мен екінші қабаттағы жансақтау бөлімін кеңейту, барлық қажет технологиялармен жабдықтау жоспарланып отырғанын жеткізді.

- Қазіргі таңда мұнда 325 және жеке корпустағы перзентханада 55  орын қарастырылған.  Қабылдау бөлімшесінде 24 штаттық бірлік бар.  Мұнда хирургия,  травматология мамандары мен екі терапевт  әкелдік.  Жылдың соңына дейін  шұғыл көмек көрсету бойынша Семей университетінде білім алған екі адам келеді. Жарақат бөліміне құрылыс басқармасы заманауи стандарттарға сай қосалқы ғимарат салу бойынша  жобалық-сметалық құжаттама әзірлеген. Жоба 2019 жылы жүзеге асырылады деген үміттеміз, - деді   Советхан Смаков.

Денсаулық сақтау министрі орын тапшылығы мәселесін оңтайландыру, яғни   бірнеше  процедураны біріктіру арқылы шешуді тапсырды. Сондай-ақ,  жергілікті әкімдікке  ақ желеңділердің біліктілігін шетелде арттыруға  көмек көрсетуге кеңес берді.

Бұдан басқа,  жеке меншік инвестор «Джихаев» ЖК-нің өкілі Әсемгүл Дүйсенова мемлекеттік жеке меншік серіктестік аясында  орнатылған компьютерлік томографтың жұмысы жөнінде айтып өтті.

-  Ғимаратты   қайта құрудан өткізіп, құрал-жабдықтар сатып алдық. 64 қиықты Toshiba компьютерлік томографы  Жапония елінде шығарылған. Сондай-ақ, жаңа бағдарламалық қамсыздандыру орнатылған. Оның ішінде кардио және дентальды зерттеу жүргізуге болады. Аппараттың мультиқиықты болуы есесінен науқасқа сәуленің әсер ету деңгейі төмен болады. Инвестор шығындарды  бес жыл көлемінде толтырады.  Орынжайды ақылы негізде жалға алып отырмыз.  Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында тегін және ақылы   көмек көрсетеміз. Алайда бүгінде аппаратқа жүз пайыз  салмақ түспейді.   Жоба бойынша күніне кем дегенде 15 зерттеу жүргізу жоспарланған болса,  бүгінде жеті адамнан қабылдаймыз.  

Өңірдің бас дәрігері Ораз Мұқашев мұндай жағдай аймақтағы бірнеше аурухананың компьютерлік томографпен жабдықталуымен байланысты екенін түсіндірді.

 Елжан Біртанов мемлекеттік  жеке  меншік серіктестік аясында жұмыс істеу өзара тиімді болуы керектігін атап өтті.

-  Жеке меншік инвесторлармен келісімшартқа отырғанда  ауру деңгейін алдын ала білу керек.  Сондықтан алдағы уақытта барлық жеке меншік компаниялармен  кездесіп, мәселенің мән-жайын анықтаған жөн.  Егер де заманауи қабылдау бөлімі мен жансақтау бөлімін, ота жасау  залын жасауға дайын инвестор табылса,  инфрақұрылым мен  қызмет көрсету сапасы мәселесін шешесіздер. Ота жасау бөлімшесінің жұмысы өте маңызды. Халықаралық стандарттарға жеткізіп, ауыр науқастарды құтқара білуді үйрену керек, - деді   Елжан Біртанов.  

Айта кетерлігі, министрдің жұмыс сапары аясында қалада бой көтеріп жатқан жаңа онкологиялық диспансер мен № 3 қалалық ауруханаға, облыстық кардиологиялық орталыққа және жедел медициналық жәрдем станциясына бару қарастырылған.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, медицина, Павлодар облысы, Елжан Біртанов, денсаулық сақтау