Бүгін Үкімет басшысы түсті металлургия колледжінде болып, өндірістік индустриализацияның жаңа үлгісі үшін білікті мамандар даярлау мәселесі талқыланған жиын өткізді.

Красноармейка агарарлы-техникалық колледжінің директоры Серік Жартыбаев бизнес инкубаторын ашу жөнінде ұсыныс білдірді.

- «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританияда білім алу кезінде мен еуропалық білім беру жүйесін зерттедім, - деді Серік Жартыбаев. – Ол жақта колледж деген – білім алып қана қоймай табыс табатын, кәсіпті басқаруды үйренетін бизнес инкубатор. Біздің колледждерде осындай жүйені ашу керек. Аздаған қиындықтар бар. Меншіктік форманы өзгерту керек. Өйткені мемлекеттік коммуналдық мекемеде коммерциямен айналыса алмаймыз. Оған қоса, бірнеше жылдар бұрын материалдық-техникалық базаны нығайту үшін трансферттер қолданылатын. Қазір ол жоқ.

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов бизнес инкубаторларын ашу бірнеше мәселенің шешімін табуға көмектесетінін айтты.

- Біз Красноармейка колледжінде аграрлы колледждерді біріктіретін жоба бастадық, - деді Болат Бақауов. – Аталмыш жоба сапалы білім беруге, бюджетке түсетін салмақты азайтуға және аз топтастырылудың мәселесін шешеді. Сондай-ақ, ғимараттарды сақтап қалуға және колледж базасына бизнесті тартатын бизнес инкубаторларын ашуға болады. Біз бұны оң шешім деп ойлаймыз. Инфрақұрылым дайын. Бизнесті дамытуға қатысатын білікті мамандар бар. Осылайша, бірнеше мәселені шешуге болады: білім саласына экономиканың шынайы секторын әкелеміз, педагогика шеберлері қосымша табыс таба алады. Базаны сақтап, оны арттырамыз. Колледждерді ұстап тұру үшін бюджетке түсетін салмақты азайтамыз.

Павлодарлықтардың ұсынысына ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев жауап берді.

- Біздің стратегиямыз – колледждерге бөгет жасамай, оларға еркіндік беру, - деді Ерлан Сағадиев. – Өйткені өңірлік білім беру жүйесі алдымен сол өңірге қызмет атқарады. Бұнда өндірістік сектор көп жұмылдырылған. Сондықтан қаржыландыру облыстық бюджеттен болады деп ойлаймыз. Себебі, бұл жергілікті өңірлік экономикаға жатады. Қосымша біз құқықтық форманы өзгертуге мүмкіндік береміз.

Дулат Райымбек

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Премьер-Министр, білім, колледж