12 және 14 жасар жеткіншектер жоғары вольтті сымдардағы тоққа түсіп қайтыс болды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.

Куәгерлерлердің айтуынша, Павлодар маңындағы Жаңаауыл кентінде сағат 17.00 шамасында балалардың біреуі металл қоршаудан өтіп, тоқ сымдарының біріне қол тигізген. Екінші бала металл қоршауды ұстап тұрған. Биіктігі алты метрлік металл тор балалар ойнаған футбол алаңын қоршаған. Балалар сымға кім бірінші қол жеткізеді деп бәстескен.

Суыт хабарды өңірлік денсаулық сақтау басқармасында растады.

- Дәрігерлер 2004 және 2006 жылы туған балалардың тоқ соғуынан қайтыс болғанын тіркеді. Олар әртүрлі отбасынан, - деді басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира Темірғалиева.

«ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Олеся Емельянованың сөзіне сүйенсек, қайғылы оқиға электр тоғының кернеуі 6 киловольттық «Северная промышленная» трансформаторлық қосалқы станциясының электр тасымалдау желілерінде орын алған.

- Нақтырақ ақпарат комиссия қорытындысынан кейін мәлім болады, - деді Олеся Емельянова.

Арслан Ғалымбек

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам