Турнирді ұйымдастыруға қос батырдың ұрпақтары демеушілік етті.

Еліміздің әр өңірінен келген 200-ден астам спортшы 15 салмақ дәрежесінде сынға түсті. Ерлер 10 салмақ дәрежесінде, қыздар 5 салмақ дәрежесінде өзара мықтыны анықтады.

Павлодар облысының намысын қорғаған төрт батыр жүлделі орынға ие болды. Ерлер арасында 70 келі салмақта Олжас Тілеубергенов 3-орынға ие болса, 65 келіде Ринат Махмұтов 2-орынға қол жеткізді. Ал, 61 келі салмақ дәрежесінде 3-орынға табан тіреген Көкежан Қабылда жартылай финалда әлемдік додаларда топ жарған, М1-дің жұлдызы, Баянауыл ауданында туылып, қазіргі кезде Алматының намысын қорғап жүрген Арман Әшімовпен тең дәрежеде өнер көрсетті.

Ал, қыздар арасында 67 келіде бақ сынаған жерлесіміз Шара Хамзина чемпион атанды.

Павлодар облысы жекпе-жек федерациясының президенті Жарқынбек Амантай чемпионат жоғары деңгейде өткенін атап өтті.

- Келген қонақтарымыз жарыстың ұйымдастырылу деңгейіне жоғары баға берді, - деді Жарқынбек Амантай. – Алыс-жақыннан келген спортшылардың дайындығы да ерекше болды. Көрермендер қыз-жігіттердің өнеріне тәнті болып қайтты. 5 секундта нокаут жасағандар да болды. Павлодарлық спортшылар да мықты екендіктерін көрсетті. Бір аруымыз чемпион атанды. Мұның бәрі - «Абылай» клубының, жекпе-жектен облыстық құраманың бас бапкері Алтынбек Рысжановтың еңбегінің жемісі. Бұл мен тізгіндеп өткізіп отырған алғашқы республикалық чемпионатым. Біршама азаматтар қолдау көрсетті. Оның ішінде ақпараттық қолдау танытқан «Ертіс Медиа» ЖШС, Ertis телеарнасына, оған қоса, «Ақ асыл» мерекелік агенттігіне рахметімді айтамын. Сонымен қатар, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына алғыс білдіремін.

Айта кетейік, жеңімпаздарға - алтын белдік, екінші және үшінші орын алған спортшыларға күміс, қола медальдері тағылды.

Қорытынды шарада КСРО және Қазақстан Республикасының еңбек сіңір­ген жаттықтырушысы, ережесіз жекпе-жектен тоғыз дүркін Әлем чемпионы, КСРО мен Қазақстанда кикбоксинг пен ушу-сань­даның іргетасын қалаушы, Дүниежүзілік «Жекпе-жек» қауымдастығының президенті Сабыржан Махметов жеңімпаздарға марапаттарын тапсырды.

Республикалық чемпионатта 1-орынға ие болғандарға «ҚР спорт шебері» атағы беріледі.

Оразбек Саяхат
Фото: Дархан Өмірзақов

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, "Жекпе-жек", чемпионат, спорт