Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ораз Мұқашев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлім еткендей, тендер кеш ойнатылып, науқастар дәрілерді ақпан-наурызда ғана ала бастаған келеңсіз тәжірибе ескерілген.

- Биыл 2019 жылға арналған өтініш жолдадық, - дейді Ораз Мұқашев. – Өткен тәжірибені ескеріп, тендерді 2018 жылдың қарашасында ойнатылмақ. Демек, қаңтар айының алғашқы күндерінен дәрі-дәрмектер үзіліссіз жеткізіле бастайды.

Қазіргі кезде облысқа екі миллиард теңгеге дәрі-дәрмек әкелінді. Қаражатты игеру 95%-ға тең. Дәрілерді жеке меншік дәріханалар арқылы таратудан бас тартудың арқасында 1,3 миллиард теңге үнемделген.

- Бұл ақшаны артериалдық гипертензия, жүрек ишемиялық ауруы секілді ауыр кеселдерді емдеуге арналған препараттарды сатып алуға жұмсаймыз. Біздер аурудың 46 түрі бойынша дәрі-дәрмектің 300-ге тарта түрін сатып аламыз, - дейді Ораз Мұқашев.

Сонымен бірге, баспасөз мәслихатында 15 қыркүйек - 15 қараша аралығында Павлодар облысында азаматтардың емханаларға тіркелу науқаны жүріп жатқаны туралы сөз қозғалды. Ол үшін жеке куәлігіңіз бен өтініш жазып алып, емханаға барып жолығу керек немесе egov.kz веб-порталының көмегіне жүгінуге болады.

Айбек Жұматов

Фото:  Өңірлік коммуникациялар қызметі

pavlodarnews.kz

Тэги: Ораз Мұқашев, дәрі-дәрмек, денсаулық сақтау басқармасы