Бұл туралы ҚазАқпарат Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап мәлім етті.

Селекторлық режимде кеңес өткізіліп, оның барысында «Шығыс» және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылықтарының, Десанттық-шабуылдау әскерлерінің бірқатар әскери бөлімдеріне Қазақстанның батыс өңіріне топтасу тапсырмасы берілді. Әскерлер батыс аймаққа жаяу және теміржол көлігімен, сондай-ақ әскери-көлік авиациясының ұшақтарымен аттанды.

Ал «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысына әскерлерді оқу-жаттығу өтетін орынға орналастыру және оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындау үшін «Шығыс» және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылықтарының, Десанттық-шабуылдау әскерлерінің келіп жатқан бөлімдері мен бөлімшелерін ескере отырып, топтарды құру тапсырмасы жүктелді.

Майдандық және шабуылдау авиациясы - әуе айлақтарда, ал әскери авиация далалық тікұшақ айлақтарында шоғырланды. Әскери-теңіз күштерінің топтамасы ҚР ҰҚК Шекара қызметінің кемелерімен және катерлерімен күшейтілді. Сонымен қатар, шалғайдағы шекара заставалары жалпыәскери бөлімшелермен күшейтілді.

Оқу-жаттығуға Құрлық әскерлерінің, Әуе қорғанысы күштерінің, Әскери-теңіз күштерінің, Арнайы операциялар күштерінің, арнайы әскерлердің, материалдық-техникалық қамтамсыз ету бөлімдері мен мекемелерінің, ҰҚК Шекара қызметі бөлімшелерінің, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті және Ұлттық ұланның 5 мыңнан астам әскери қызметшісі қатысуда.

pavlodarnews.kz

Тэги: