Қарағандыда өткен Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдығы мен Астананың 20 жылдығына арналған «Өлең – сөздің данасы» атты республикалық мүшәйрада Қуанышбек Шарманов өңір намысын қорғап, жүлделі 2-орынға ие болды.

- Жыр бәйгесіне 16-35 жас аралығындағы үміткерлердің жыраулық поэзия үлгісінде жазылған шығармалары қабылданды. Байқауға республиканың 11 өңірінен және облысымыздан барлығы 50 үміткерден өтінім келіп түсті. Соның ішінен қазылардың қатал елегінен екшеліп, Астана қаласы, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қостанай, Павлодар, Түркістан облыстарынан таңдаулы 17 жүйрік жүлдеге таласты. Қатысушылар Бұқар жырауға арналған өлеңдермен қатар, Елордамыз – Астананың 20 жылдығы және қоғамдық-әлеуметтік мәселелерге қатысты үш туындысын ұсынды, - деді Қуанышбек Шарманов.   

Бұдан басқа, аталмыш  жыр додасында тағы бір үміткеріміз Нұрбек Кеңесбайұлы С.Торайғыров атындағы сыйлықтың иегері атанды.

Ал, Петропавл қаласында өткен Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық байқауында Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрының әртісі Еркежан Төлеубай бақ сынады.

17-29 жас аралығындағы көркемсөз шеберлері қатысқан сайыста жерлесіміз прозалық бағытта Шыңғыс Айтматовтың – «Ақ кемесін», поэзиялық бағытта Фариза Оңғарсынованың өлеңдерінен композиция оқыды.

17 адам қатысқан байқауда Еркежан Төлеубай 3-орынға қол жеткізді.

Айта кетейік, өнерпаздар қос байқауға облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының қолдауымен аттанған болатын.

Оразбек Саяхат

 

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар облысы, жастар, мүшәйра