- «Безопасный город» ЖШС, «Павлодар-Онлайн» ЖШС, «Видеогрупп» ЖК және  тағы басқа  компаниялар Павлодар қаласында бейнабақылау камераларын орнатумен айналысады, - дейді тұрғын үй инспекциясы бөлімі  әкімшілік-құқықтық секторының бас маманы, заңгер Гаухар Арынғалина. -  Бүгінгі таңда қала бойынша 466 көпқабатты тұрғын үйде  барлығы 3981  бейнебақылау камерасы орнатылған.



Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, орын алатын әрбір 4 мың қылмыстың 1,5 мыңы пәтер тонаумен байланысты. Мамандар бұл жаңашылдықпен ұрылардың да аяғына тұсау саламыз деп отыр.

- Цифрлық бақылау қондырғылар арқылы тұрғындар өз үйінің алдындағы жағдайды толық бақылап отырады. Бейнекөріністерді телефон немесе компьютер арқылы көру мүмкіндігі қоса берілген. Бұл қызмет үшін пәтер иесінен 150 теңгеден 300 теңге көлемінде абоненттік төлем алынатын болады, - дейді   «Павлодар-Онлайн» ЖШС техникалық жөніндегі менеджері Хасан Мұхамеджанов.

Оның айтуынша, бейнабақылау камералары тіпті, автомобильдің мемлекеттік нөмірлерін жақыннан анық көрсетіп, балалар алаңқайын, аулаға кіру-шығу жолдарын назардан тыс қалдырмайды.

- Біздің аулада 63 пәтер бар. Соңғы уақыттары тұрғын үйлерге ұры түсіп,  жеке мүлікке қол сұғу жиілеп кетті. Сол үшін де, пәтер иелерінің жалпы жиналысында бейнебақылау камераларын орнату мәселесі оң шешім тауып, көпшіліктің қолдауымен  бақылау қондырғыларын орнатуға ниетті болдық. Бұл жақсы бастама, - дейді Әлкей Марғұлан көшесіндегі көпқабатты үй тұрғыны Гүлжан Бахралинова.

Айта кетерлігі, болашақта Павлодардағы көпқабатты тұрғын үйлер түгел дерлік бейнебақылау камераларымен жабдықталмақ. Ал, бейнеқорлардың толық мұрағаты құқық қорғау органдарына қарасты жедел басқару орталығының құзырына өткізілу жоспарлануда.

Гүлзат Мейрамова

Фото: Ольга Бугаева

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, Павлодар облысы, бейнебақылау камерасы