Облыс орталығында «100 жаңа есім» жобасының қатысушысы С. Торайғыров атындағы ПМУ студенттері мен оқытушыларымен кездесіп, «Рухани жаңғыру» аймақтық офисінің жұмысымен танысты.

ПМУ-да өткен еркін форматтағы жүздесу кезінде қатысушылар қадірлі қонаққа кез келген сауал жолдауға мүмкіндік алды.

АҚШ-тағы өмірі туралы әңгімелеген Қуат Есенов шетелдік компанияларда жұмыс істеуді армандап жүрген жастарға бәрінен бұрын ағылшын тілін игеруге кеңес берді.

- Егер алдыңызға шетелде жұмыс істеуге мақсат қойсаңыздар, бірінші кезекте ағылшын тілін білу қажет. Қазіргі таңда заманауи технологияларды білу керек. Әлемдегі барлық үдерістер ашық өтуде. Ол жақтағы ақпарат біздің жақта да қолжетімді. Бар мәселе адамның өзін-өзі ынталандыра білуге байланысты, - дейді Қуат Есенов.

ПМУ физика-математика факультетінің 4-курс студенті Мирас Ермековты Қуат Есеновтің неліктен АҚШ-қа көшіп, басқа емес Google-ды таңдағаны қызықтырды.

- Бұл сұраққа бірден дөп басып жауап беру қиын, - дейді №8 мектеп-лицей түлегі. – Мұнда көптеген факторларды ескеру керек. Америкадағы адамдар бізден гөрі көбірек білімге құштар дей алмаймын. Ол жақта білімге құштар адамдарға көбірек жағдай жасалған деп айту орынды. Сондықтан ол елде адамның жетілуіне, дамуына мүмкіндік көбірек жасалған.


Отанды сағынасыз ба деген сұраққа Қуат Есенов еш ойланбастан жауап берді.

- Иә, мен өз елімді сүйемін. Қазақстанда туып-өстім. Қай елден екендігімді бір сәтке де ұмытпаймын. Америкада маған не жетіспейді деген сұраққа, жылқы етінің дәмін сағынамын, - деп әзілдеді Қуат Есенов.

Студенттер кездесуден кейін Қуат Есенов ПМУ коворкинг-орталығын аралап, «Рухани жаңғыру» аймақтық жобалар офисінің жұмысымен танысты.

Естеріңізге сала кетейік, Қуат Есенов – дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицейдің түлегі, 2002 жылы Шотландияда өткен Халықаралық математикалық олимпиаданың күміс жүлдегері, 2003 жылы Жапонияда және 2004 жылы Грекияда өткен олимпиада жеңімпазы, АҚШ технологиялық институт түлегі.

Математикаға деген қабілеті ерте біліне бастаған ол үш жасында әріп танып, оқуды үйренген. Мектептегі барлық пәндерді оңай игерген балаға мұғалімі Давид Ганелин жол сілтеді. 9-11 сыныптарда оқыған кезде халықаралық математикалық олимпиадаларда дарын иесі алты алтын, бір күміс және бір қола иеленді.

Айбек Жұматов

Фото: С. Торайғыров атындағы ПМУ медиаорталығы

pavlodarnews.kz

Тэги: Қуат Есенов, Рухани жаңғыру, ПМУ, Google