Облыстық тілдерді дамыту басқармасы мониторинг және талдау бөлімінің басшысы Самат Құшмағұловтың айтуынша, байқауға 10 аудан мен үш қаладан 18-22 жас аралығындағы 13 адам қатысқан.  

-  Мұндағы басты мақсат - қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген қабілетті жастарға қолдау көрсету, көп тілді меңгерген тұлғаны тәрбиелеу, - дейді Самат Құшмағұлов. – Жыл сайын қатысушылардың  тілді   меңгеру деңгейінің артып келе жатқаны байқалады. Бұл жолы да жастар қазақ, орыс, ағылшын тілдерінен шеберліктерін көрсетіп, өз біліктіліктерін шыңдады. Олардың ішінде үш тілді бір тілдей сөйлейтін кейбір қатысушылар шешендігімен, тапқырлығымен, таңдаған тақырыбын қызықты етіп аша білуімен ерекшеленді. Сондай жастардың бірі – бүгінде Астана қаласында Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бірінші курс студенті Жанар Төлеу.

Байқау барысында қатысушылар үш кезең бойынша үш тілде берілген тапсырмалардың мазмұнын ашумен қатар, эссе жазу, ілеспе аударма жасау бойынша сынға түсті.    

Жоғары оқу орындарынан арнайы шақырылған ғалым, тіл мен әдебиет, педагогика салаларының өкілдерінен тұратын әділқазылар құрамы үміткерлердің білімдерін бағалау кезінде тілдерді меңгеру деңгейіне, жазу сауаттылығы мен мазмұндылығына, жауаптың толықтығына назар аударды.

Нәтижесінде үш тілді жетік меңгерген  әрі өз білімін жоғары дәрежеде көрсеткен Ақтоғай ауданының үміткері Төлеу Жанар І орынға лайықты деп танылды. ІІ орынды Тереңкөл ауданынан келген Қатша  Оспанова атындағы жалпы орта білім беру мектебі директорының орынбасары Қызғалдақ Рыспекова иеленсе, ІІІ орын Екібастұз қаласы № 5 мектептің ұстазы Зарина Мадашоваға бұйырды.

Барлық қатысушылар басқарманың арнайы дипломдарымен, алғыс хаттарымен және сыйлықтарымен марапатталды.

Ақбота Сейсенбаева


pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар облысы, тілдарын, байқау, қоғам, рухани