Айта кетейік, кеше Екібастұз қаласы жедел жәрдем қызметінің бас медбикесі Әсел Құсайынова әріптестерінің қолдану уақыты өтіп кеткен дәрілерді пайдаланатынын жергілікті телеарнаның бірі арқылы хабарлаған болатын. Уақыты өткен дәрілерді көрсетіп, ондай дәрілерді пайдалану денсаулыққа зиянды екенін және аталмыш қызметтің дәрі қобдишасынан тауып алғанын жеткізген.

Бұл жағдайға қатысты облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ораз Мұқашев пікір білдірді.

- Бір айдан бері бұл жөнінде жасырын хабар келіп түскен болатын, - деді Ораз Мұқашев. – Бірден облыстық денсаулық сақтау басқармасының сараптама тобы құрылып Екібастұзға тексеруге барды. Еш ескертусіз барды. Нәтижесінде Солнечный кентінде, Екібастұз қаласында да уақыты өткен дәрілер табылмады. Қалада қозғалыстағы жедел жәрдем көліктері де тоқтатылып, дәрі қобдишалары тексерілді. Ештеңе табылмады.

Басқарма басшысы медбике көрсеткен «Этамзилат» дәрісінің жедел жәрдемге тиесілі емес екенін айтты.

- Табылған «Этамзилат» арнайы тексерілді, - деді Ораз Мұқашев. – Ол дәрінің сериясы жедел жәрдем станциясының есебінде тіркелмеген болып шықты. Әр дәріде өз сериясы болады. Ол серия тіркеледі. Оның ішінде «Этамзилат» маңызды дәрі болғандықтан қатаң бақылауда.

Сонымен қатар, бұдан бұрын облыстық жедел жәрдем сатнциясымен барлық аудандар мен қалаларда, оның ішінде Екібастұз жедел жәрдем бөлімі де тексерілген. Дәріге қатысты ешқандай құқық бұзушылық анықталмаған.

Қазіргі кезде медбикеге қатысты қылмыстық іс қозғалған. Екібастұз ішкі істер басқармасы мәселенің мән-жайын анықтайтын болады.

Атап өтер болсақ, Павлодар облыстық жедел жәрдем станциясы дәрі-дәрмекпен және құрал-жабдықпен 100 пайыз қамтылған. Оған қоса, республика бойынша 100 пайыз кадрмен қамтылған екі станцияның бірі.

Оразбек Саяхат
Фото: Светлана Воронова

pavlodarnews.kz

Тэги: Екібастұз, жедел жәрдем, қоғам