Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі хабарлайды.

Шараны негізгі ұйымдастырушы - Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі. Алматы мен Астанада өтетін дүбірлі шараға Ресей, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан және өзге де елдерден сахна саңлақтары келеді.

Шетелдік өнер иелері мен отандық күйшілер арасында күйтартыс жоспарланған. Домбыра тартысы Құрманғазының «Балбырауын» күйінен бастау алып, «Адай» күйімен аяқталады.

Астаналықтар төрт күн бойы тегін дәстүрлі музыка туындыларын тыңдап, күмбірлеген күймен құлақ құрышын қандыра алады.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отырған іс-шараға «ЮНЕСКО» штаб-пәтерінен, «ТҮРКСОЙ» ұйымынан, Ресей Федерациясынан арнайы өкілдер, жақын және алыс шет елдердің жетекші дәстүрлі орындаушылары, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан Республикаларының өнер ұжымдары және еліміздің «академиялық» дәрежесі бар оркестрлері қатысады.

Үш күнге созылатын шарада «I Республикалық дәстүрлі орындаушылар форумы», республикамыздың, жақын шет елдердің күйшілік мектебі майталмандарының концерті, республикамыздың, жақын шет елдердің ұлт аспаптар оркестрлерінің концерті, оркестрлер шеруі жоспарланған.

Сонымен қатар, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, суретші Шахан Маханбетов пен танымал фототілші Рафхат Халеловтің «Күй және күйші» атты фотокөрмесі ұйымдастырылмақ.

pavlodarnews.kz

Тэги: