Бүгінде кәсіпкердің екі бірдей «Дәнекер Экспресс» атты тамақтану орны бар. Оның бірі Павлодарда орналасса, екіншісі Екібастұзда жұмыс істейді.

-  Қазіргі таңда жастар үшін жақсы уақыт өткізетін және демалатын  орын жоқ, - дейді Қуаныш Сағантаев. - Барлық жерде алкоголь сатылады. Ал, мұнда тәулік бойы тыныш уақыт өткізуге болады. Тегін Wi-Fi әрі арзан бағамен дәмді тағам ұсынылады. Ғимарат әпкеме тиесілі. Аумағы 1000 шаршы метрді құрайды. Екібастұзда 22 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Мұнда да шамамен сонша адам қабылдау ойда бар. Алдағы  уақытта Алматы қаласынан донер әзірлейтін маманды шақырып,  жергілікті аспаздарға донер жасаудың қыр-сырын үйретеміз. Дәмхана келесі аптада іске қосылады.

Алдымен Алматы және Астана қалаларының тамақтану орындарында мониторинг жүргізген кәсіпкер өз ісін дамытуға мемлекеттік бағдарлама бойынша 12,5 млн теңге несие алған. Бірінші және екінші тағам, салаттың бағасы 800 теңгедей тұрады.
 
Қалалық жұмыспен қамту бөлімінің бас маманы Аманбек Ұнатұлының айтуынша, биыл қала  тұрғындары «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының үшінші бағыты бойынша жеке ісін ашуға немесе жұмыс істеп тұрған бизнесін дамытуға шағын несие ала алады.

Қалалықтарға қаражат екінші деңгейлі банктерде және  облыс орталығына қарайтын бес ауылдың тұрғындарына «Ауыл шаруашылығын қолдау» қоры арқылы  ұсынылады.



2018 жылы берілетін сома - 6500 АЕК көлемінде 15 млн 632 мың теңге.  Ауыл шаруашылығы саласына несие бару мерзімі 7 жылды құраса, басқа салалар үшін - бес жыл. Сыйақы мөлшері  алты  пайыздан аспайды.

- Биыл қалада алты үміткер 65 миллион 600 мың теңге көлемінде шағын несиеге ие болды, - дейді маман. - Ауыл шаруашылығы саласында бес үміткер 18 миллион 800 мың теңге алды. Олардың екеуі Павлодар ауылынан, екеуі Кенжекөлден және біреуі Мойылды кентінен. Көбінесе машина жөндеу, нан пісіру сияқты әртүрлі мақсатта алады.

Айта кетерлігі, өз ісін дамытуды көздейтін кәсіпкерлерге шағын несие алуға шектеу қойылмайды. Бастысы,  қолдарында бизнес жобасы мен «Бизнес Бастау» сертификаты болуы тиіс.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: Роза Мұстафина

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар облысы, қоғам, Даму