Жыр додасы Ақмола облысы Бурабай ауданының 90 жылдығына арналды. Аудан орталығы Щучинск қаласында өткен айтысқа Ақтөбе, Астана, Көкшетау, Солтүстік Қазақстан, Ерейментау және Павлодар өңірлерінен келген сегіз ақын қатысты.

Суырып салма ақындардың өнеріне Халықаралық «Шабыт» жастар шығармашылығы фестивалінің бас жүлде иегері, Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының және ҚР Үкіметі «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты, танымал ақын Алмас Темірбай бастаған қазылар төрелік етті.

Абзал Қабдраш бірінші айналымда көкшетаулық Мұхаммед Қонқаевпен айтысса, екінші айналымда Астана қаласынан келген Аруна Керімбекпен тартысқа түсті. Қос айналымның нәтижесінде Аруна Керімбек бас жүлдеге ие болып, Абзал Қабдраш 1-орынға қол жеткізді.

- Дүбірлі дода жоғары деңгейде өтті, - деді Абзал Қабдраш. – Ол өңірде алғаш рет аймақтық айтыс ұйымдастырылып отыр екен. Мәдениет үйіндегі зал көрермендерге лық толы болды. Қошеметін аямайтын халықтың алдында шабыттанып айтыспасқа амал болмады.

Сөз сайысын әйгілі айтыскер ақын, «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов жүргізді.

Еске салайық, Абзал Қабдраш бұған дейін Қостанай қаласында өткен республикалық «Тәуелсіздікке тағзым» атты айтыста, Павлодар қаласында өткен «Мен жастарға сенемін» атты республикалық студенттер айтысында, «Тәуелсіздік жолында» атты облыстық ақындар айтысында бірінші орын, Алматы қаласында өткен «Тәуелсіздік тағылымы» атты республикалық айтысында өңір намысын абыроймен қорғап, бірінші орынға лайық деп танылды. Екібастұзда өткен халықаралық ақындар айтысында – «Азулы ақын» арнайы жүлдесін қанжығасына байлады.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған патриоттар форумында «Жыл патриоты - 2017» номинациясының иегері атанды.

Қазіргі таңда Екібастұз қаласы әкімінің баспасөз хатшысы болып қызмет атқарады.

Оразбек Саяхат

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Бурабай, айтыс, өнер, ақын, Екібастұз, мәдениет