Александровка ауылындағы типтік ветеринарлық пунктің жұмысымен Павлодар облысының әкімі Шарбақты ауданына жұмыс сапарымен барған кезде танысты. Бес адам жұмыс істейтін ветпункт барлық керек-жарақ құралмен жабдықталған. Арнайы автомобильге гараж да қарастырылған.

- Мал дәрігеріне бұдан артық не керек?, - деді Болат Бақауов. – Енді тек жұмыс істеу ғана қалды. Ветеринар үнемі әрбір ауланы аралап шығып отыруы тиіс. Себебі, әрбір жануар тізімде болу керек. Бүгінде Ауыл шаруашылығы министрлігі ет бағытын дамыту бойынша ауқымды жобаны жүзеге асыруда. Сондықтан біз күтпеген жағдай орын алмау үшін сырттан әкелінетін малды күтіп қарауға тиіспіз.

Биыл Ақсу, Шарбақты, Май ауылдық аймақтары мен Аққулы және Тереңкөл аудандарында 20 ветеринарлық пункт тұрғызылды. Бұл мақсатқа облыстық бюджетте 320 миллион теңге қарастырылған. 20 ветеринарлық пунктті өткен жылы салғанын есепке алатын болсақ, бүгінгі таңда 31 тірек ауылдың әрқайсысында ветеринарлар үшін жағдай жасалған.

 

Болашақта облыстағы қалған 107 елді мекенде ветеринарлық пункт салу жоспарда бар. Мұндай пунктің бағасы шамамен 6 млн теңгені құрайды.

Томирис Бекжан
Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, ауыл шаруашылығы