Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі хабарлайды.

ҚР Бокс федерациясының баспасөз қызметі хабарлауынша «Astana Arlans» WSB финалына толықтай дайын. Финал Қытай Халық Республикасының оңтүстік шығысында орналасқан Сямынь қаласы мен Цзиньцзянь өңірінде өтеді. Топтық кезеңде қарсылас шақ келтірмеген «Астана Арланс» пен «Куба Домадорес» командалары 26-28 қыркүйек аралығында өзара мықтыны анықтайды. Қос құрама боксшылары осыған дейін үш рет кездесіп, екі мәрте қазақ командасы басым түссе, бір рет кубалықтардың мерейі үстем болған. «Астана Арландары» мамыр айында «Бритиш Лайнхартстты» ұтса, «Куба Домадорес» «Франс Файтинг Рустерсты» жеңді.

WSB халықаралық бокс қауымдастығы AIBA (Amateur International Boxing Association - Халықаралық Әуесқой Бокс Қауымдастығы) ұйымына тиесілі құрылым. Оның аясында өтетін әлемдік турнир 2010 жылдан бастау алған. Жарысқа әр елдің командалары қатысады. «Астана Арландары» әзірге осы байрақты бәсекеде 3 рет жеңіске жеткен жалғыз команда.

Ал «Куба Домадорес» болса 2 рет бас жүлдеге қол жеткізген. Италиялық «Dolce & Gabbana» мен француздың «France Fighting Roosters» құрамалары бір реттен жеңген.

Аталмыш турнирге қатысатын спортшылардың барлығы әуесқой боксшылар. Бірақ әдетте ел біріншілігінде, Олимпиада ойындарында біз көріп жүрген бокстан айырмашылығы боксшылар кәсіпқой бокстағы сияқты кеуделеріне ештеме кимей шығады және бастарын қорғайтын шлемді тақпайды.

WSB халықаралық қауымдастығы өзін әуесқой бокс дәрежесіндегі ұйым санағанымен боксшыларға кәсіпқой бокста да өнер көрсетуге шектеу қоймайды. Сонымен қатар, спортшыларға олимпиада ойындарына да қатысуға рұқсат берілген. Ал қазылық жағынан келетін болсақ, әуесқой бокстан айырмашылығы бар. Турнир жеңімпазын кәсіпқой бокстағы сияқты үш төрешінің берген бағасының нәтижесіне қарап анықтайды.

pavlodarnews.kz

Тэги: