Қазақстанда 2019 жылдың 1 қаңтарында сайлау мәселеріне қатысты заңнамалық актілерге бірқатар өзгерістер енгізіледі. Осыған байланысты мәслихат депутаттарын сайлау кезінде пропорцианалды жүйе күшіне енеді. ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров жаңа сайлау жүйесінің енгізілуі нәтижесінде бұрынғы шақырылымдағы мәслихаттар құзыретін тоқтатпайтынын атап өтті.

- Жаңа жүйе бойынша мәслихат депутаттары саяси партиялар ұсынған партиялық тізімдер бойынша сайланатын болады. Заң бойынша мәслихаттардың құзыреттері 2021 жылдың наурызына дейін жалғасады. Сол себепті, пропорционалды жүйенің енгізілуі мажоритарлы жүйе бойынша сайланған мәслихаттар құзыретін тоқтатпайды, - дейді Константин Петров.

ҚР ОСК төрағасы орынбасарының пікірінше, бұл жүйе бюджеттік қаражаттың үнемделуіне жол ашады.

– Соңғы бес сайлау науқаны ішінде кезектен тыс сайлауға шамамен екі миллиард теңге жұмсадық, - дейді Константин Петров. – Бір ғана павлодарлық сайлау округінде кезектен тыс сайлау төрт мәрте өткізілді. Жаңа жүйе бойынша кезектен тыс сайлау болмайды. Бұл қаражатты үнемдейді.

Сонымен бірге, пропорционалды жүйе енгізілгеннен соң саяси партиялардың рөлі мен жауапкершілігі арта түседі. Бәрі ҚР Парламенті Мәжілісіндегідей болады. Партиялар өз тізімдеріне зор ұқыптылықпен қарауы тиіс. Өйткені, сайлаудан кейін бес жылдың ішінде олар бұл тізімге ешбір өзгеріс енгізе алмайды.

Жаңашылдықтар ішінде аумақтық сайлау комиссияларына жарыссөз, яғни дебаттар өткізу құқығы берілетінін атап өтуге болады. Алайда, бұл міндетті сипат иеленбейді. Дебаттар тек қажетті болған кезде ғана өткізілмек.

Сондай-ақ, мүмкіндіктері шектеулі сайлаушыларға жағдай жасауға баса көңіл бөлінеді. Осы орайда аумақтық сайлау комиссияларды зор жұмыс күтіп тұр. Мүгедектердің еркін жүріп-тұруы үшін сайлау учаскелері пандуспен, ал ондай азаматтардың дауыс беруі үшін арнайы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі қажет болады.

Айбек Жұматов

Фото интернет желісінен алынды

pavlodarnews.kz

Тэги: сайлау, мәслихат, ОСК, реформа