Бұл туралы baq.kz.

тілшісі.

Бүгін Мәжілісте Біртанов денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі заң жобасын таныстырды. Заңды талқылау барысында мәжілісмендер ауылдық жерлерде тегін медициналық көмек қалай көрсетіліп жатқанын сұрады.
Министр ауыл деңгейіндегі медициналық қызметтердің қолжетімділігі жəне сапасы министрлік пен жалпы Үкіметтің басты назарында екенін айтты.

«Қазіргі күні бірнеше мәселе бойынша шаралар енгізіліп жатыр. Біріншіден, бұл – кадрмен қамтамасыз ету мәселесі. Оны шешу үшін біз 2016 жылдан бастап мемлекеттік грантта оқып, резидентураны бітірген азаматтарды міндетті түрде үш жыл жұмыс істеуге жібереміз. Сонымен қатар, ауылдарға да бағыттаймыз. Ал келесі жылдан бастап бүкіл интернатура бітірген дәрігерлер мемлекет жіберген жұмыс орындарына барып, үш жыл жұмыс істейтін болады», - деді Біртанов.

Министрдің айтуынша, екіншіден, өткен жылдан бастап жастарға жергілікті атқарушы органдар мен медициналық білім беру ұйымдарының келісімі негізінде жергілікті бюджеттен грант бөлу арқылы оқу мүмкіндігі берілген. Өткен жылмен салыстырғанда биыл әкімдік гранттарымен оқып жатқан студенттер саны екі есе артқан. Осылай оқыған жас дәрігерлер сол облысқа, өңірге барып жұмыс істейді.

«Тағы да бір мәселе – ауыл медицинасын қаржыландыру. Осыған байланысты біз биыл бір адамның басына шаққандағы алғашқы медициналық көмек тарифін көтердік. Қазіргі күні тағы да бұйрық әзірленуде. Ол ауылдық деңгейдегі, жалпы кейбір өңірлердегі жедел жәрдем көмегінің тарифін көтеруге қатысты. Қазір біз жалпы стандартымыз бойынша ауыл деңгейінде міндетті мемлекеттік алғашқы медициналық және жедел жәрдем стандарттарын енгізіп, бақылаудамыз», - деді Біртанов.

Министр жоғары технологиялық қымбат медициналық көмектердің облыстық және қалалық деңгейде қолжетімді болғанын қолдайтынын айтты. Сонымен қатар, транспорттық медицина мен санитарлық авиация дамытылып жатқанын жеткізді. Бұл жоғары, мамандандырылған медициналық көмек қажет болғанда ауыл тұрғындарын қалаларға, республикалық маңызды Астана мен Алматы қалаларына жеткізу үшін қажет.

«Инфрақұрылымды дамыту мәселелері де енгізілуде. Елбасының «100 жаңа аурухана» тапсырмасы бойынша ауылдарда аудандық аурухана негізінде мекемелер салынған. Сонымен қатар, 300 амбулатория іске қосылған. Біз жекеменшік - мемлекеттік әріптестікті қолдап жатырмыз. Мысалы, екі жылдың ішінде Ақтөбе облысында 16 ауылдық дәрігерлік амбулатория осы жекеменшік - мемлекеттік инвестиция негізінде құрылған», - деп түйіндеді Елжан Біртанов.
Ескерту!

Baq.kz сайтында жарияланған авторлық материалдардың барлық құқықтары қорғалған және ақпарат агенттігінің меншігі болып табылады. Көшіріп басу редакцияның рұқсатымен жүзеге асады. Материалды көшіріп басу кезінде Baq.kz сайтына төте сілтеме көрсету талап етіледі.

 

pavlodarnews.kz

Тэги: