«Қызылжардан» өз алаңында ұтылғаннан соң павлодарлық жаттықтырушылар негізгі құрамға өзгеріс енгізді. Команданың қазіргі кездегі ең үздік ойыншыларының бірі португалдық Угу Секудің бірінші минуттардан алаңға шығуы командамыздың ойнын күшейткені анық.

Шымкенттегі кездесуде қожайындар басымдыққа ие болса да, одан еш пайда таба алмады. «Ертіс» сауатты қорғанып, өз мүмкіндіктерін голға айналдыруға тырысты. 36-минутта Фонсека-Секу португалдықтар жұбы оң қанат арқылы шабуыл ұйымдастырды. Карлуш Фонсека айып алаңына пас шығарса, Угу Секу дәл соққы бағыттап есеп ашты – 1:0.

Екінші таймда да қожайындар көбірек шабуылдағанымен, қонақтар қорғаныста мұқият ойнады. 57-минутта шымкенттіктердің жартылай қорғаушысы Лука Муженяк алаңнан қуылып, қожайындарды он адаммен қалдырды.

Кездесу аяқталуына он минут қалғанда «Ертіс» жартылай қорғаушысы Павел Шабалин ешбір қарсылық көрмей 30 метрден қақпаны көздеді. Доп шымкенттік қақпашының қолынан серпіліп торға түсті – 2:0.



Командамыздың жанкүйері Әнуар Омаров павлодарлықтардың жеңісін күтпегенін айтты.

– Шыны керек, біздің футболшылар Шымкентте жеңеді деп күтпеген едім, - дейді Әнуар Омаров. – «Ордабасы» «Ертістің» ең күрделі қарсыластарының бірі. Дегенмен, жеңіске жеткенімізге қуаныштымын. Көптен күткен едік.

«Ертіс» 27 маусымнан бергі өздерінің алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Осы сәттіліктің арқасында павлодарлықтар 11-орында келе жатқан «Қызылжардан» ұпай айырмасын бір ұпайға дейін қысқартты.
Келесі матчты павлодарлықтар 26 қыркүйекте Ақтөбеде қала аттас командаға қарсы өткізеді. Біздің стадионда «Ертіс» келесі жексенбіде, 30 қыркүйекте «Атыраумен» ойнайды.

Айбек Жұматов
Фото: «Ертіс» ФК

pavlodarnews.kz

Тэги: "Ертіс", спорт