Жас ақындардың айтысында 10 өнерпаз сынға түсті. Сөз бәсекесіне ақын, Қазақстан жазушылар Одағы Павлодар облыстық филиалының төрағасы, «Алаш» сыйлығының иегері Арман Қани бастаған қазылар алқасы төрелік етті.

Он ақынның сөз тартысының қорытындысы бойынша бас жүлдеге Айбек Оралхан ие болды. Бірінші орынды Алтай Қадырбек еншілесе, екінші орын ақсулық Ернар Құсановқа бұйырды. Үшінші орынға Оразбек Саяхат қол жеткізді.

Айтысқа қатысқан және жүлдегер ақындарға мақтау қағаздары мен ақшалай сыйлықтар табысталды.

Мерейтойға арнайы келген Иманжүсіп Құтпанұлының немересі, мәдениеттанушы, философия ғылымдарының докторы, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Раушан Иманжүсіп атасының құрметіне дүбірлі той ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.



-    Атамыз халықтың қорғаны болды, - деді Раушан Иманжүсіп. – Жұртына жанашыр болуды өмірлік міндеті деп білді. Ерлігі, сазгерлігі арқасында елге сыйлы болды. Халық жүрегінде мәңгі сақтайды деген ойдамын. 155 жылдығын ескеріп, той жасаған өңір басшылығына рахметімді айтамын.

Сонымен қатар, мерейтойдың құрметіне мәдени және спорттық шаралар ұйымдастырылды.



Құркөл ауылында тігілген киіз үйлердің жанында өткен көрмеге тігін, ағаш және тас шеберлерінің бұйымдары қойылды.



Балалар мен ересектер теңге алу, бәйге, күрес сынды спорт түрлерінен жарысқа қатысты. 10 шақырымдық аламан бәйгеде Май ауданынан келген Қаратай Айбардың «Шайқас» атты сәйгүлігі топ жарып, ақшалай сыйлыққа ие болды.

Дулат Райымбек

pavlodarnews.kz

Тэги: Ақсу, Иманжүсіп Құтпанұлы, мерейтой, спорт, мәдениет