Ертіс ауданына жұмыс сапарымен  барған Павлодар облысының әкімі ветеринария бойынша жиын өткізді. Оған Ауылшаруашылығы жанындағы ветеринарлық бақылау Комитетінің өкілдері қатысты.

  Өңірдегі мал қорымдары санитарлық талаптарға жиі сай келмейді, нәтижесінде бақылау және қадағалау  органдары тарапынан ескерту айтылады. Сондықтан аймақ басшысы Болат Бақауов ауыл шаруашылығы және үй жануарлары өлекселерінің көзін жою үшін крематорлар қолдануға кеңес берді.

 -  Біз саны мен сапасы жағынан көңілден шығатындай мал қорымдарын сала алмаймыз, - деді облыс әкімі.  – Бұған қоса, бір мал қорымын екі жылға жеткізбей толтырып тастаймыз. Мысалы, Кенжекөл ауылында жаңа мал қорымын жарты жылдың ішінде толтырып тастады. Одан да әрбір аудан үшін бір-бір жылжымалы инсинератордан алған дұрыс. Оны ветеринарлық пунктке орналастырып, қажет болған жағдайда кез келген ауылдық аймаққа шыға алады.
 
Бір мал қорымының бағасы 6,5 – 12,5 миллион теңгені құрайды. Дөңгелектері бар мал өлексесін жағатын пештің  қуаттылығы 1000 келіге дейін жетеді. Мұндай машинаның  құны - 20 миллион теңге.  Егер де мал қорымын жыл сайын салу қажет болса, крематордың мерзімі 20 жылға дейін.

- Мал қорымдарынан  инсинераторларға көшу қауіпсіздік мәселесін шешеді, - деді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Қайыржан Байжанов. – Егер жерасты суын көтеретін мал қорымдары туралы айтатын болсақ, жердегі жатқан барлық нәрсе шайылып кетеді.  Пешке байланысты қиындық туындамайды.

Ветеринарлық қызметте алты крематор сатып алуға өтініш дайындаған. Бүгінде өңірде 20 стационарлық және бір жылжымалы инсинератор бар.

Томирис Бекжан

Фото: Валерий Бугаев
 

pavlodarnews.kz

Тэги: ветеринария, Павлодар