Бұл туралы ауыл шаруашылығы басқармасы өсімдік шаруашылығы және механизация бөлімінің бас маманы Дамир Елеусіз мәлім етті.

- Бүгінгі күні 509 шаруа қожалығы арзандатылған дизельдік отынды алуға өтініш берген, - дейді Дамир Елеусіз. – Жоспар бойынша дизельдік отынның шілде айында 6 мың, тамыз айында 7 мың, қыркүйек айында 8 мың тоннасы берілуі қажет болған. Алайда, бұл жоспардан қалып келе жатырмыз. Себебі, операторда қаржыға байланысты мәселелер туындады. Қазіргі жағдаймен 14 мың тоннаға шарт жасалды. Оның 11 600 тонасының ақшасы төленіп, 9900 тоннасы жеткізілді. Арзандатылған дизельдің құны тоннасына 189 мың теңгені құрайды. Яғни, 1 литрінің бағасы – 160 теңге. Бұл нарықтағы бағадан 20-25 теңгеге арзан.

Дамир Елеусіздің айтуынша, биыл Павлодар облысында пилоттық жоба құрылып, шаруалар дизельдік отынға өтінішті электронды түрде беруде. Бұған дейін жыл сайын 800-ге жуық өтініш түсетін. Шарт жасалмаған 7 мың тонна дизель қалғандықтан әлі де қабылдайтын болады.

Айта кетейік, аудандар бойынша арзандатылған отын ең көп Ертіс ауданы (4300 тонна) мен Тереңкөл ауданына (3995 тонна) бөлінген. Ал, Шарбақты ауданы өзіне берілген 2480 тоннаның 84 пайызын алып үлгерген.

Оразбек Саяхат
Фото: turkystan.kz

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, арзандатылған дизель, ауыл шаруашылығы, егін, күзгі науқан, экономика