Бұл туралы облыстық білім беру басқармасы мәлім етті.

Қыздарға арналған «Білім-Инновация» лицейіне орналасқан Рошель Фернандес  1976 жылы 3 тамызда Филиппин мемлекетінің Квазен қаласында дүниеге келген. Манила қаласында Philippin Normal University ЖОО-ын  ағылшын тілі мұғалімі мамандығы бойынша 1998 жылы бітірген. Western Bientan National High School мектебінде педагогикалық қызмет атқарған.

- Қазақстан жайында  көп біле қоймайтын едім, - дейді Рошель Фернандес. -  Басқа жердің  мәдениетін, халқын, оқыту жүйесін танып білгім келді. Сол себепте интернет желісінде дарынды балаларға арналған мектептерге ағылшын тілі мұғалімі керек деген мәліметті оқығанда бірден бағымды сынап көру үшін осы елге келуді шештім. Павлодар қаласының дарынды қыз балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернатына ағылшын тілі мұғалімі  болу үшін 40 адам қатысты. Нәтижесінде таңдау маған түскен кезде  қатты қуандым әрі қобалжыдым.

Рошель Фернандестің айтуынша,  Филиппин мектептерінде топқа бөліп оқыту мүлде ескерілмеген, яғни бір сыныпта 50 оқушы отырады. Ал, павлодарлық мектепте   1 топта 12 оқушыдан бөлу арқылы  оқушылардың ағылшын тілін меңгеруі үшін өте қолайлы жағдай жасалған.   

-  Маған жалпы павлодарлық оқушылар өте ұнады, - дейді  ол. - Ағылшын тілді орта болмаса да балалар тілді меңгеруге құштар.  Сабақ барысында өте белсенді және өздерін еркін ұстайды. Әрдайым мені  және өзара бір-бірін қолдап отырады. Филиппин мектептерінде жағдай басқаша. Тарих пен филиппин тілі ғана ана тілінде оқытылады, ал қалған басқа пәндер ағылшын тілінде жүргізіледі. Сондықтан орта қалыптасқан, жалпы қоғам ағылшын тілінде еркін сөйлейді. Бірақ бізде көп тілді меңгертетін мектептер жоқ. Қазақстанда керісінше, ондай оқу орындары көп екеніне көзіміз жетіп отыр.

Шетелдік педагог жолдасы  мектептерге сервис көрсету  жүйесінде жұмыс істейтінін айтады. Павлодарға  баруына қарсылық білдірмеген,  дегенмен бұл жаңалыққа қуана қоймаған.  Себебі, солтүстіктің суығынан қорыққан.

-  Қызым 18 жаста. Ғылыми бағыттағы мектептің соңғы сыныбында оқиды. Ол менің 1 жылға созылатын іссапарыма өте қуанды.  Жалпы, лицей ұжымы өте жылы қарсы алды.   Оқушылар да бауырмал. Дегенмен толық араласу үшін қазақ тілін үйрену қажет, - дейді Рошель ханым.

Бұдан басқа, ұлдарға арналған «Білім-Инновация» лицейінде  тоғыз жыл ағылшын тілінен ұстаздық тәжірибесі бар Филиппин елінің азаматшасы Руби Энн Мина сабақ береді.  Шетелдік ұстаз лицейде  ағылшын тілі практикасы, ағылшын тілі грамматикасы және  IELTS емтиханына дайындық бойынша шәкірттерді бір жыл бойы дайындайды.  Сондай-ақ, дебат үйірмесінде жұмыс істейді.

Айта кетерлігі, алдағы уақытта оқушыларға ағылшын тілін үйрету үшін шет елден тіл мамандарын шақыру жалғасын табады. Қазіргі таңда ұлдарға арналған «Білім-Инновация» мектебінде 249, қыздарға арналған «Білім-Инновация» мектебінде 280 оқушы оқиды.

Ақбота Сейсенбаева

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар облысы, қоғам, білім