Облыс активінің жиынында өңір басшысы Болат Бақауов пен оның орынбасарлары ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫНЫҢ ӨСУІ: ТАБЫС ПЕН ТҰРМЫС САПАСЫН АРТТЫРУ Жолдауын талқылап, облысымызда атқарылатын жұмыстарды сөз етті.

- Елбасының Жолдауында елімізге дамудың жаңа бағыттары керек екені белгілі болды, - деді Болат Бақауов. – Бұл Жолдау ел ауқатын жақсартуға бағытталған. Елбасымыз адам өз еңбегін сүйгенде ғана кірістер өсетінін айтты. Облысымызда бұған толық мүмкіндік бар. 2025 жылға дейін созылған «Жол картасы 2020» жобасы жүзеге асуда. Бизнес жаңа жұмыс орындарын ашып, халықтың басым бөлігін табыспен қамтамасыз етуі керек. Бізге экономикадағы бәсекелестікті арттырып, ТҮКШ, ПИК жұмыстарын ретке келтіру қажет. Сондай-ақ жолдауда экспортты арттыра отырып, ішкі нарықты да қамтамасыз ету тапсырылды. Бұл бағытта өңіріміздегі агроөндірістің қуатын толық пайдалану керек. Баламалы энергетика, блок чэйн сынды бағыттарды дамытуға міндеттіміз.

Болат Бақауов алдағы 5 жылда білім мен денсаулық саласына бөлінетін ақша 10 пайызға өсетінін атап өтті.

- Мектепке дейінгі білімнің сапасын өсіру баса назарға алынды, - деді облыс әкімі. – Ол үшін тәрбиешілердің жалақысын арттыру қарастырылады. Назарбаев интеллектуалды мектебінің оқу жүйесі бірыңғай жүйеге айналуы тиіс. Келесі жылы барлық мектептер мен балабақшалар бейнебақылаумен қамтылуы қажет. Облысымызға керекті мамандықтарды анықтап, балаларды соған бағыттауымыз керек. Біз гранттардың санын арттырдық, енді сапасына мән беріледі. Жоғары оқу орындарының жетістігі түлектердің жұмысқа ораналасуымен бағаланатын болады. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап медицина саласы қағазсыз құжаттамаға көшеді. Денсаулықты арттыру үшін жаппай спортпен шұғылдануды қамтамасыз ету керекпіз. Сол себепті, спорттық нысандар толық пайланылуы қажет. Жергілікті бюджеттен жеңілдетілген ипотекаға субсидия жасау пысықталады. Бұған ең алдымен медицина саласының қызметкерлері қол жеткізеді.

Облыс әкімінің айтуынша, тұрғындар санасында полиция жазалаушы емес, керісінше, қиын жағдайда көмек көрсетуші дос ретінде қалыптасуы қажет. Халықтың білдірген сенім деңгейі, адамның өзін қауіпсіз сезінуі – полиция жұмысын бағалаудың негізгі өлшемі болады. Оған қоса, биыл мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын жаңа форматта төлеу бойынша 4 мемлекеттік орган пилоттық жүйеден өтті. Жұмыс сәтті жүргізілді. Енді жүзеге асыруға болады. Бұл тек жалақыны өсіру емес, жұмыс сапасын арттыру болуы керек.

- Қазақстанның сәтті жаңғыру үшін бізге ішкі саясатты әрі қарай жүйелі жүргізу керек болады, - деді Болат Бақауов. – Жастар өз жұмыстарын жасауда бастамашыл әрекеттерін көрсетуі керек. Елбасымыздың Жолдауы әрбіріңізге жетті. Ел қолдайды деген сенімдемін. Осы бағытта жұмыла жұмыс жасау керекпіз. Мемлекеттік органдардың басшыларына Жолдауды іске асыруда тікелей жауапкершілік жүктеледі. Бұл Жолдау елімізді алға бастайды деген ойдамын.

Оразбек Саяхат
Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Болат Бақауов, жолдау, қоғам