128 шаңырақ түтінін түтетіп отырған елді мекенде бүгінде 400-ден астам адам тұрады. Равнополь ауылын ауыз су желісіне қосу үшін «Ай-Су Мелироция» ЖШС өзіне жүктелген міндетті бір жылдың ішінде тиянақты атқарып, ауылдықтарға қуаныш сыйлады.

- Біз бұған дейін тіршілік нәрін үнемі тасымалдап ішіп келдік. Судың 40 литрін 20 теңгеге сатып алатынбыз. Алыстан арбалап су тасу әсіресе зейнет жасындағы адамдарға қиынға соғатын. Бүгінде бұл мәселе түбегейлі шешілді. Жауапты мердігер компания су құбырын әрбір көшеге дейін тартып берді. Біз өз қаражатымызбен ауладағы суды үйге енгіздік, - дейді ауыл тұрғыны Ирина Раздиковская.



Аталған ауылды орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосу үшін республикалық және облыстық бюджеттен 503 млн. теңге көлемінде қаражат бөлінген.

Успен ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Асылбек Төлебаевтың айтуынша, бұған дейін Новопокровка және Успен ауылдарында ауыз су мәселесі толықтай шешілген. Қазіргі таңда Қоңырөзек ауылында құбырлар тартылып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жоспар бойынша қоңырөзектіктер де келесі жылы ауыз суды үйден тұтына алады.  

Аудан тұрғындарын толыққанды сапалы ауыз сумен қамту үшін алдағы уақытта өңірде бірқатар жұмыстар атқарылмақ. Мәселен, жуырда Қозыкеткен, Лозовой, Ковалевка ауылдарына облыстық бюджеттен қаражат бөлінген. Сондай-ақ қазіргі таңда Тобылжан ауылының сметалық құжаттары әзірлену үстінде.
    
 Алпысбай Хонж
Фото: Ольгай Бугаева

pavlodarnews.kz

Тэги: