Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ұлан Жазылбек өңіріміздегі инфрақұрылымның дамуы туралы баяндамасында халыққа қолжетімді баспана жайлы айтып өтті.

- Жолдаудың үшінші бағыты өмір сүру үшін қолайлы орта қалыптастыру болып табылады, - деді Ұлан Жазылбек. – Оның ішіндегі негізгілері – тұрғын үйдің қолжетімділігі, инфрақұрылымның жақсаруы. Осының барлығы қолданыстағы «Нұрлы жер», «Нұрлы жол», «7-20-25» бағдарламаларында қарастырылған. «7-20-25» бағдарламасы тиімді бағдарлама болып отыр. Бұрын мұндай қолайлы бағдарлама болмаған. Алайда «7-20-25» облысымызда баяу орындалуда. Осыған байланысты Баспана.кз-пен келіссөздер жүргізетін боламыз. Қазіргі кезде бағдарлама бойынша 13 тапырыс берілген. Оның жетеуі қабылданды. Өңірімізде осы бағдарлама бойынша беруге 305 пәтер дайын. Жыл соңына дейін тағы 200-ден астам пәтер қосылады. Жалпы, инфрақұрылымды дамыту бойынша атқаратын іс көп.

Ұлан Жазылбектің айтуынша, қазіргі кезде облысымыздағы жолдың 75 пайызы қанағаттанарлық деңгейде. 2022 жылы 90 пайызға жеткізу көзделуде.

Сонымен қатар, жиында Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Ринат Жұмабаев НЗМ тәжірибесіне көшу барысында 3 бағытта жұмыс жасауды ұсынды.

- Президентіміздің соңғы Жолдауында еліміздің барлық орта білім беру орындары Назарбаев Зияткерлік мектебінің тәжірибесіне көшу керектігін баса жеткізген болатын, - деді Ринат Жұмабаев. - Осыған байланысты Павлодар қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі негізгі 3 бағытта жұмыс жасауын ұсынады. Бұл - НЗМ жаңартылған білім беру мазмұны бойынша тәжірибе таратуды жалғасытыру, аудандық мектептер жүйесінде профориентатор қызметін енгізу, халықаралық стандарттарға сәйкестендіру жұмысы.

Оразбек Саяхат
Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, жолдау, қоғам