- Елбасымыз балабақшалардағы тәрбиешілер мен өзге де қызметкерлердің еңбекақысын төлеуді қайта қарауды тапсырды, - деді Мейрам Бегентаев. – Осы мақсатта тәрбиешілерді жұмысқа ынталандыру мен балабақшалардың материалдық базасын жақсарту үшін мемлекеттік ұйымды сенімгерлік басқаруға тапсыру әдісін қоданбақпыз. Балабақшалардағы мемлекеттік тілде білім беруге көшуді де тездеткеніміз жөн. Білім саласында жаңартылған мазмұндағы оқыту жүзеге асуда. Осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап 74 мыңнан астам 1-8 сынып оқушылары Назарбаев Зияткерлік мектебінің білім жүйесімен оқытылуда.

Спикердің айтуынша, биыл барлық мектептер кәсіптік бағдарлау жұмысын қайта құрады. «Ата-ананың жұмыс орынында 10 күн болу» және әртүрлі маман иелерімен кездесуге бағытталған «Көрнекті бейсенбі» сынды жобалар қолға алынады.

- 2019 жылы барлық мектептер мен балабақшаларда бейнебақылау орнату аяқталады, - деді облыс әкімінің орынбасары. – Білім беру басқармасы мен бөлімдері бейнежазбаның сапасы мен ақпаратты сақтау ұзақтығына назар аударуы керек.

Сонымен қатар, Мейрам Бегентаев облыс әкіміне келесі жылдан бастап жыл сайын 10 үздік мұғалімге 1 млн теңгелік сыйақы беріп отыруды ұсынды.

- Биыл облысымыздың педагогтері 4 «Үздік педагог» атағын ұтып алып, республика бойынша көш бастады. Олардың әрқайсысы 2,4 миллион теңге сыйлыққа ие болды. Сол себепті, келесі жылдан бастап өз облысымызда сыйақы тағайындауды ұсынамын. Осы арқылы мұғалім мамандығының мәртебесін көтеруге жол саламыз, - деді Мейрам Бегентаев.

Оразбек Саяхат
Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, жолдау, қоғам