Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен аппараттық жиында белгілі болды.

- Әкім аппартының инспекторлары ауылдық аймақтарға шығып тексеру жүргізу барысында бір де бір ауданда сапалы түрде дайындалған отырғызатын материал болмаған, - деп облыс әкімі Болат Бақауов аудандардың әкімдерінің назарын слайдтарға аударды. - Успен, Шарбақты, Павлодар, Аққулы аудандарында ауылдық аймақтардың әкімдері мүлдем отырғызу материалдарын әзірлемеген. Суреттерге зер салсаңыздар, Луганск ауылында ештене өспеген. Айналаны жиде мен қурай басып кеткен. Шарбақтыда салынған алаңда кеуіп қалған көшеттерді кім суарады? Егер коммуналдық ақша болмаса ауылдарда мұғалімдер мен оқушылар арнайы шаралар өткізу керек.

Дегенмен Шарбақты ауданының әкімі Балғабай Ыбыраев егілген қарағай ағаштардың 90 пайызы жақсы жерсініп кеткенін айтып ақталды.

- 19-20 қазанда «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының құрамына енетін Шалдай филиалымен бірге тағы да ағаштар егу жоспарланып отыр, - деді Балғабай Ыбыраев.

Павлодар ауданының әкімі Александр Бабенконың айтуынша, үстіміздегі жылы 30 мың түп ағаш отырғызылған. Жерсініп кетуі 80 пайызды құрайды. Оның басым бөлігі негізгі мектептердің тәлімбақтарында егілген. Биыл қолға алынған «Бір адам - бір ағаш» акциясы келесі жылы да жалғасын табады.

Сондай-ақ аймақ басшысы Ефремока, Рождественка, Мичурино, Ямышево ауылдарындағы қурап қалған ағаштар мен жолдарды күтіп ұстау мәселесіне де тоқталып өтті.

- Қыс мезгілі жақындап қалғаны белгілі. Автокөлік жолдарының бойындағы шөпті ору мәселесі тұр. Жолдарды күтіп ұстау бойынша келісімшар жасалып, қаражат бөлінді. Инспекторлар әкімдерді алып барып жағдайды көрсетуі керек, - деп Болат Бақауов жауын-шашын түскенге дейін ауылдық аймақтарды ретке келтіруді тапсырды.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам, көріктендіру, көшет