Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен аппараттық жиында денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ораз Мұқашев мәлім етті.

- Бүгінгі күні аймаққа 86 жас маман келді, - дейді Ораз Мұқашев. - Оның 35-і – жалпы тәжірибе дәрігері. Павлодар бойынша - 53, Екібастұзда - 12, Ақсуда – 7 және аудандарда - 14 жас маман жұмысқа орналастырылды. Қалалар мен аудандардың әкімдерінен жас мамандарға ұсынылған әлеуметтік пакет бойынша жұмысты күшейтуді сұраймыз. Жыл басында бір дәрігерге орташа есеппен алғанда 2800 науқастан келсе, қазіргі таңда 2170-ке дейін азайған. Келесі жылы Семей, Қарағанды, Шымкент, Алматы қалаларының жоғары оқу орындарынан мамандарды шақыру жоспарланып отыр. Ол үшін бас дәрігерлер барып, жылдың соңын күтпестен мамандарды бөлу шараларына үлгеруі тиіс.

Басқарма ұсынған мәліметке сүйенсек, Екібастұз қаласында жеті дәрігерге: екі дәрігер-анестезиолог-реаниматолог, бір невропатолог, бір офтальмолог, екі акушер-гинеколог, бір онколог, Баянауыл ауданында  алты  дәрігерге: бір акушер-гинеколог, бір невропатолог, үш жалпы тәжірибе дәрігері, Тереңкөл ауданы бойынша төрт дәрігер: бір невропатолог, бір акушер-гинеколог,  бір педиатр,  бір психиатр-нарколог, Ертіс ауданында үш дәрігерге: бір офтальмолог,  бір эндокринолог  және бір акушер-гинекологқа сұраныс бар.

Облыс әкімі Болат Бақауов бұл бағытта нақты шаралар жоспары қажет екенін атап өтіп, ынталандыру жолын қарастыруды тапсырды.

- Өңірге қажет мамандарды дайындау мақсатында бөлінген 200 гранттың жемісін бес жылдан кейін көреміз, - дейді облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев. – Сондықтан мамандарды сатып алу алдеқайда тиімді. Мәселен, Семей әкімдігінің гранты бойынша бітірген, бірақ бізде жұмыс істеуге ниетті дәрігер бар. Қазіргі күн осы бағытта жұмыс жүргізілуде.

Ораз Мұқашевтың айтуынша, жыл сайына елімізде 6 мың түлек медициналық академияларды бітірсе, қажеттілік 3 мың маманды құрайды. Дегенмен оның ішінде 4,5 мыңы түрлі фирмалар мен компанияларға кетіп қалады.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: ашық дереккөздерден

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам, денсаулық