Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық ТЖД басшысының орынбасары Самат Асаинов мәлім етті.

- Облыс бойынша қысқы уақытта жылынатын орындардың орташа сыйымдылығы 50 адамды құрайды, - деді Самат Асаинов. – Жылыту орындары ретінде мектептер, мәдениет үйлері, департаментіміздің бөлімдері таңдалды. Қала және аудан әкімдіктерімен шұғыл жағдай туындағанда азық-түлік, алғашқы қажетті заттарды жеткізу бойынша келісімшарт жасалды. Барлық аудандар мен қалалардың медициналық ұйымдары көмек көрсетуге дайын.

Самат Асаиновтың айтуынша, қысқы уақытта жолды бірқалыпта сақтау үшін қала және аудандардың жергілікті атқарушы органдарымен тайғақты болдырмайтын керекті қор әзірленуде.

- Республикалық маңызы бар жолда жұмыс жасау үшін «Қазавтожол» қар тазалайтын 88 техника дайындады, - деді департамент өкілі. – Жергілікті маңызы бар жолды қалпында сақтау бойынша сегіз мердігер ұйыммен келісім жасалды. Көліктер емін-еркін жүріп-тұруы үшін 73 техника дайындалды. Автомобиль жолдары бойынша қар төгетін 135 орын белгіленсе, темір жолы бойынша 53 орын белгіленді.

Айта кетейік, дауылды ескерту болған жағдайда автосапаржайдың кезекшілік қызметіне хабарланады. Оған қоса, тұрғындарға ұялы байланыс операторлары арқылы СМС хабарлама таратылып, бес телеарна және өзге де БАҚ арқылы жеткізілетін болады.

Оразбек Саяхат
Фото: ӨКҚ

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қыс, қоғам