Өңірлік энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Иманзаиповтың айтуынша, елді мекендерді көріктендіру және санитарлық шараларға бюджеттен 12,8 млрд теңге бөлінген. Бүгінгі таңда бұл соманың 8,7 млрд теңгесі немесе жылдық жоспардың 68 пайыз игерілген.

Облыстық сенбіліктің нәтижесінде ішкі аулалар мен елді мекендердің шетіндегі 1 116,8 мың шаршы метр, ірі кәсіпорындар мен шағын және орта бизнес нысандарына қарасты 416,9 мың шаршы метр аумақ тазартылып, 10,23 мың тонна қоқыс шығарылған. Сондай-ақ 277 ескерткіш пен 192 мың шаршы метр аумағы ретке келтірілген. Әкімдіктермен 10,3 мың ағаш отырғызылған.

- Экология жылы аясында жер қойнауын пайдалану басқармасы 1500 түп ағаш бөлген, - дейді Ержан Иманзаипов. – Оның ішінде Павлодар қаласының № 4 автожолында 518 түп егіліп, қалалық әкімдікпен 15 мың түп дайындалды. Облыстық сенбілікке 91,1 мың адам,   4 532 шаруашылық субъекті мен қоғамдық жұмысқа ақылы түрде тартылатын 831 адам жұмылдырылды. Қоқыс шығару үшін ірі кәсіпорындар мен ұйымдар 800 техника бөлді.

 Аймақ басшысы Болат Бақауов өзінің орынбасары Ұлан Жазылбекке тазалыққа салғырт қараған аудан әкімдерімен қатаң жұмыс атқаруды тапсырды.

- «Омбы – Павлодар» бағытындағы тас жолда Павлодар ауданынан бастап шекараға дейін шашылып жатыр, - деді облыс әкімі. - Инспекторлар ұсынған барлық суреттерді қарап шықтым. Қоршауларды сырлап, әрбір тұрғынды шақыру қажет. Успен ауданындағы Касицынде, Шарбақты ауданындағы Поляковта қандай тазалық сақталғанын қараңыздар. Себебі, адамдар жайлы жағдайда тұруға үйреніп қалған. Қаладағы Тәуелсіздік даңғылы, 172 үйге барып көрдік. Тұрғындар ортақ чат ашып қойған. Олардың барлығын бір мақсат біріктіреді.

Облыс әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбек болса ресми есепте келтірілген сандардың күмән тудыратынына тоқталды. 

- Атқарылған жұмыстардың көлеміне келетін болсақ, қосып жазуды тоқтату керек, - деді Ұлан Жазылбек. – Белсенділік өте төмен. Бұл жерде кәсіпорындар мен шағын және орта бизнес субъектілеріне қатысты сөз қозғалып отыр. Шығарылған 10 мың тонна қоқысты қайдан алып отырсыздар? Мәселен, Ақтоғай ауданы 1350 тонна, Ертіс ауданы 900 тонна, Павлодар 2700 тонна және Екібастұз 2340 тонна деп жазады. Павлодар қаласы бойынша 25 мың адам шыққан екен. 2250 көшет отырғызылған. Мен мұнша адам мен 270 техниканы көрген жоқпын. Железин ауданында жеті мың адам шыққаны мүлдем қисынсыз. Бұл сонда барлық еңбек етуге жарамды адамның шыққандығы ма? Асыра сілтеуді қойып, нақты жұмыспен айналысу қажет. Облыс бойынша бір жылға елді мекендерді көріктендіру, жолдарды күтіп ұстау, санитарлық шаралар мен жарықтандыруға 12 миллиард теңге бөлінген. Бұл қыруар қаржы. Әкімдерге коммуналдық кәсіпорындарды жұмылдырып, жұмыс істеу қажет

Ақбота Сейсенбаева

Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар облысы, сенбілік, Ержан Иманзаиыпов