Оған ақынның ұлы – Нұрлан Ыдырысов пен туған-туыстары, облыстағы зерттеуші ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері және аудан тұрғындары қатысты.



«Ақтоғай жерінің ақиық ақыны» деген атаумен өткен мерейтойлық шара қаламгердің кіндік қаны тамған құтты мекен - Әуелбек ауылынан бастау алды. Алдымен ауылдағы «Қангелді» мешітінде марқұмның аруағына құран бағышталды. Бұдан соң Қ.Ыдырысов атындағы мектепте қаламгердің атымен аталатын мұражайда мерекелік шара ұйымдастырылды. Жиналғандар ақынның жеке мұрағатынан сыр шертетін мұражайдан мол мағлұматтар алды. «Армысың, Арабстаным», «Сәлем саған, Мадияр», «Туған жер – төрім мәңгілік», «Қанаттас қаламдастар, бауырлар» секілді бөлімдерде қаламгердің туған ауылында тұрған шақтары, Алматы жерінде жоғары қызметтерде жүрген кездері, Қазақстан мен шетелдің классиктерімен араласқан сәттерінен сыр шертетін құжаттар мен суреттері қойылған. Сондай-ақ ақынның қаламсабы, сия сауыты секілді тағы да басқа жеке тұтынған заттары да мұражайда сақтаулы тұр.

- Әкеміз бізді үнемі ізгілікке, кішіпейілдікке тәрбиелейтін. Туған топырағынан алыста жүрсе де үнемі Ертіс бойын аузынан тастамай отырушы еді. Оны ақынның жырларынан да көруге болады. Ол кісінің жандүниесі де өлеңдері іспеттес мөлдір, тұнық еді. Әкеміз өзінен туған 4 ұлға да сапалы білім, тағылымды тәрбие берді. Бір ерекшелігі ешкімді бөле-жармайтын. Әр қазаққа жалғызындай қараушы еді. Мен де әкемнің жолын қуып, ұзақ жылдар бойы журналистика саласында қызмет еттім, - дейді Нұрлан Қабдыкәрімұлы.

Ақын мұражайындағы жиынға Ақтоғай ауданының әкімі Қаршыға Арнов, Қ.Ыдырысов атындағы орта мектепке ұзақ жылдар бойы басшылық қызмет еткен ардагер ұстаз Атлас Байсарықызы арнайы қатысты.

Ақын есімін ұлықтауға келген зиялы қауым өкілдері дөңгелек үстел басына жиналып, қаламгер туралы ойлары мен естен кетпес естеліктерді ортаға салды.

- Ағатайым үлкенге де кішіге де иіліп тұратын жан еді. Мен осы әулетке келін болып түскен сәттен бастап ол кісі маған әке орнына әке болды. Үнемі ақыл-кеңесін айтып отыратын. Ағатайыммен 1 сағат әңгімелессем, 1 жылға жетерлік рухани азық алғандай күй кешетінмін. Ол кісі 1978 жылы туған жеріне келіп, ағайын-туыстарымен қауышып, өзі өсіп-өнген ауылын аралап кетті. Осы сапардан Алматыға барған соң ол кісі көп ұзамай қайтыс болды. Ағатайым өмірден ертерек кетіп қалмағанда халқына берері әлі де мол еді, - дейді ақынның келіні Үміт Сыздықова.

Көрнекті ақынның 90 жылдық мерейтойына арналған мерекелік шара ары қарай аудан орталығында жалғасын тапты. «Жандарбек қожа» атындағы орталық мешітте аруаққа арналып құран бағышталып, ас берілді.  

Салтанатты шара барысында аудан әкімі Қаршыға Арынов ақынның жерлестерін тоқсан жылдық торқалы тоймен арнайы құттықтап, қаламгердің ұлы – Нұрлан Ыдырысовтың иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.

Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар облыстық филиалының директоры, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Арман Қани мерейтойға қатысушыларға жүрек жарды тілегін айтып, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің құттықтау хатын оқып берді.

Қаламгердің шығармашылығы мен өмірін 15 жылдан астам уақыт зерттеп, жинақтап жүрген Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің бас редакторы Қабдыкәрімтанушы Нұрбол Жайықбаев жуырда «Тұрсам болды көңіліңнің төрінде» атты ақын жайлы естеліктер топтастырылған мемуарлық жинақ шығарған. Павлодар Мемлекеттік Педагогикалық университетінің ректоры Алтынбек Нухұлының қолдауымен жарық көрген тың туындыға ақынның көзі тірі кезінде әріптестері мен замандастары жазған соны дүниелері, Қабдікәрімнің қазақ әдебиетінде алатын орны сондай-ақ, ақын өмірден өткеннен кейін белгілі адамдардың ол туралы жазған естеліктері енгізілген. Салтанатты шарада жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.

Шара қаламгердің құрметіне арнайы ұйымдастырылған спорттық сайыстарға ұласты.

Алпысбай Хонж
Фото: Дархан Өмірзақов

pavlodarnews.kz

Тэги: Ақтоғай ауданы, Қабдыкәрім Ыдырысовтың 90 жылдық мерейтойы