Осыдан тура бір ай бұрын екі қарсылас Қазақстан құрамасының УЕФА Ұлттар Лигасында ойнайтынына байланысты үзілістің орнын толтыру және осы арқылы чемпионаттың кезекті ойындарына дайындалу үшін кездесу өткізген еді.

- Бұл жолы да мақсат дәл осындай, - дейді «Ертіс» ФК медиа-офицері Дархан Бекішев. – Біріншіден, бұл 21 қыркүйекте қызылордалық «Қайсарға» қарсы кездесуге әзірлік. Команда басшылығы мен жаттықтырушылары футболшыларға төрт күн демалыс берген. Команда ертеңнен бастап жұмысқа кіріседі. «Екібастұзбен» қайтадан матч өткізуіміздің себебі - көрші командамен келісудің оңайлығында. Екібастұздықтар өткен матчта жақсы ойын көрсетіп, кездесу жанкүйер көңілдерінен шыққан болуы керек.

Аталған екі ұжымның 8 қыркүйектегі кездесуінде қонақ команда сапындағы бірқатар футболшылардың тәуір өнер көрсеткенін жазған болатынбыз.
Павлодарлықтардың жаттықтырушылары сол кездесуде көзге түскен кейбір ойыншыларды маусым аралық үзілісте «Ертіс» құрамына қосуы мүмкін.

Екі команданың қазіргі кездегі турнирлік жағдайына көз салсақ, бір ай бұрын өткен кездесу облыс футболшыларына оң септігін тигізді деп айтуға болады. Бүгінде «Ертіс» Премьер-лигада соңғы орнынан оныншыға көтерілсе, «Екібастұз» Бірінші лигада сегізіншіден – алтыншы орынға табан тіреді.

«Ертіс» - «Екібастұз» матчы Орталық стадионда 13 қыркүйек сенбі күні сағат 15.00-де басталады. Кіру тегін.

Айбек Жұматов

pavlodarnews.kz

Тэги: Ертіс ФК, футбол, спорт, Екібастұз ФК