Бұл туралы облыстық білім беру басқармасы мәлім етті. 

Бүгінде режиссердің есімімен аталатын Ш.Айманов атындағы мектеп мұражайы 2016 жылы құрылған.

- Мұражайымызда Шәкен Аймановтың туған ортасы, театр сахнасындағы және кинодағы өмірі, Шәкен ағамен қоштасу сәтінен естеліктер бар, - дейді Ш.Айманов атындағы мектептің тарих пәні мұғалімі Аслан Бейсекеев. – Оған қоса, тұлғаның ұстаған блокноты, визиткалары, кино ленталары, жеке заттары жиналған. Режиссердің інісі Кәукен Кенжетаев мұражайға тарту еткен екі шапаны да бар.

Ұстаздың айтуынша, Баянауылға келген қонақтардың көбісі мұражайға ат басын бұрмай кетпейді. Жылына 1000-ға жуық адам тамашалайды десе артық етпейді. Бүгінде мұнда 60-70 жылдардың кино саласына қатысты заттар да сақталған.

Жерлес тұлғаға арналған мұражай Баянауыл ауданынан басқа Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында ғана бар.

- Біздің мұражай қорымыз тың деректерге толы әрі ерекше болғандықтан таныстырылымымызға қарап қазылар бірінші орынды берді, - дейді Аслан Бейсекеев.

«Тарихи мұражайлар», «Табиғи-ғылыми мұражайлар», «Кешенді өлкетану мұражайлары», «Әдебиет мұражайлары» атты төрт номинация бойынша өткен байқауға облыстық мамандандырылған мектептер, аудан және қалалардан 13 мектеп мұражайы қатысқан.

Сайыстың қорытындысы бойынша 1-орынды Баянауыл ауданы Ш.Айманов атындағы мектеп, 2-орынды Тереңкөл ауданы №1 Песчан ЖОМ, 3-орынды Ертіс ауданы И.Байзақов атындағы ЖОМ алды. Қатысушылар арнайы номинация, диплом және сертификаттармен марапатталды.

Айта кетейік, Баянауыл ауданының Ш.Айманов атындағы мектеп мұражайы қараша айында Астана қаласында өтетін республикалық байқауда өңір намысын қорғайды.

Оразбек Саяхат

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Баянауыл, мектеп мұражайы, қоғам, рухани