Күн тәртібі бойынша 2018-2020 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы мәслихат шешіміне өзгерістер енгізу мәселесі қарастырылды.

Қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Қанат Қапауовтың айтуынша, облыстық бюджеттен 758 миллион теңге көлеміндегі мақсатты трансферттер бөлінуіне байланысты қалалық бюджет жобасына өзгерістер енгізілді.

Аталған соманың 574 миллион теңгесі қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне үйлестірілді. 210 миллион теңге құрылыс бөліміне бөлінді.

Сонымен бірге, кейбір мемлекеттік органдардың бюджеттері қысқартылатын болды. Мәселен, жоспарлы шығыс есебінен білім беру бөлімінің қаражаттары 13 миллион теңгеге, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі 12 миллион теңгеге, ал қалалық әкім аппаратының бюджеті 480 мың теңгеге қысқартылды.

Жалпы алғанда 2018 жылға арналған Павлодар қаласының нақтыланған бюджетінің шығыс көлемі 71 миллиард теңгені құрады.



Қалалық мәслихаттың сессиясы қала әкімі Әнуар Күмпекеевтің қатысуымен өтті. Депутаттар күн тәртібіндегі сұрақтарды қарастырып, мемлекеттік органдар өкілдерінің ақпараттарын тыңдап болғаннан соң ТҮКШ және құрылыс бөлімдеріне ескерту айтты.

- Депутаттық корпус тарапынан тұрғын үй-коммуналдық және құрылыс бөлімдеріне бірқатар ескертулеріміз бар, - деді сессияға төрағалық еткен қалалық мәслихат депутаты Қобыланбек Қожин. – Мысалы, бөлімдер сессияға қажет құжаттарды уақтылы жолдамайды, телефон қоңырауларына жауап бермейді. Осы мәселенің шешілуіне қолдау көрсетуіңізді сұраймын.

Қала әкімі жоғарыда аталған органдар басшыларына бұл олқылықтарды жоюды тапсырды.

- Тәртіп мәселесіне келсек, әріптестер, депутаттық корпус тарапынан мұндай ескертулерді естімейтін болайын, - деді Әнуар Күмпекеев. – Бұл біздің кемшілігіміз. Аталған мәселені қолға алуымыз қажет.

pavlodarnews.kz

Тэги: Әнуар Күмпекеев, бюджет, мәслихат, депутаттар