ҚР Мемлекеттік Әнұранның авторларының бірі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Жұмекен Нәжімеденов атындағы республикалық байқауға облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының қолдауымен Павлодар өңірінің атынан «Найзатас» журналының жауапты хатшысы, ақын, Айбек Оралхан қатысқан болатын.

Үшінші мәрте өткізіліп отырған дәстүрлі байқауға Қазақстан жазушылар одағы Атырау облыстық филиалының төрағасы, жазушы Мереке Құлкенов бастаған қазылар алқасы төрелік жасады. Қазылар алқасының шешімімен қарағандылық Айсұлу Нұртай бас жүлдеге ие болса, жерлесіміз Айбек Оралхан екінші орынға қол жеткізді.

- Көркем сөз сайысында 17 үміткер бақ сынады, - деді Айбек Оралхан. – Ұйымдастырушылар биылғы байқаудың деңгейі жоғары болғанын айтты. Іріктеліп келген өнерпаздар екені көрінді. Шараға Жұмекен Нәжімеденовтің жиені, таеквондодан республикалық, халықаралық дәрежедегі бапкер, талай сайыстардың жеңімпазы Нұрхат Дүйсенбаев қатысты. Шарт бойынша екі кезеңде прозалық және поэзиялық шығармасынан үзінді оқыдық. Жалпы, Жұмекен Нәжімеденовтің Павлодар үшін орны бөлек. Себебі, кезінде Арман Қани ағамыздың өлеңдерін басылымдарда жариялауға тыйым салынған болатын. Сол кезде Жұмекен ағамыз алғы сөз жазып, республикалық басылымда Арман Қанидың өлеңдерін шығарып еді. Осындай біздің ағаларымызға қамқорлық жасаған тұлғаның шығармасын жүрекпен қабылдап, құлшынып жаттауға кірістім. 

Айбек Оралхан бірінші кезеңде Жұмекен Нәжімеденовтің «Бақсы» әңгімесінен үзінді, екінші кезеңде «Ештеңе айтпайтын қарт» балладасын оқыған.

Айта кетейік, байқау қорытындысы бойынша екінші орынға ие болған өнерпазымыз мақтау қағазбен және 250 мың теңгелік ақшалай сыйлықпен марапатталды.

Оразбек Саяхат

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам