Бұл туралы С. Торайғыров атындағы ПМУ-дің мәжіліс залында өткен жиында Павлодар облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюро департаменті штабының жетекшісі Сергей Лубенченко мәлім етті.

- Биылғы жылы департаментке Баянауыл ауданы әкімінің орынбасары Бақыт Тоқжігітованың заңға қайшы әрекеті туралы жедел хабарлама келіп түсті, - дейді Сергей Лубенченко. - Ол ҰБТ мүшелерін сатып алу үшін мектеп директорларынан ақша жинауды жоспарлаған. Сыбайлас жемқорлық жоспарына 20 мектептің директоры жұмылдырылған. Нәтижесінде 3,4 миллион теңге жинастырылған. Дегенмен ҰБТ комиссиясының мүшелері  немқұрайлылық танытып, тестілеуге жақын орынға қарай дыбысты өшіретін құрал орнатқан. Ата-аналардың пікірінше, бұл жағдай балалардың денсаулығына кері әсер еткен. Нәтижесінде Баянауыл ауданы облыс бойынша 69,5 пайызбен ең төмен балл жинаған.

Штаб жетекшісінің айтуынша, салдарынан ата-аналар мен комиссия мүшелерінің арасында жанжал туындаған.

Бұдан кейін Бақыт Тоқжігітова комиссия мүшелерін тамақтандыруды тоқтатуға мәжбүр болып, ұсынылған ақшаны мектеп директорларына қайтарып берген.

Қазіргі таңда Ұлттық бюро департаменті тарапынан жемқорлық фактісінің себептерін анықтау үшін сараптама жүргізілуде. Таяу арада бұл жағдайға қатысты облыс әкімі мен ҚР Білім және ғылым министрлігіне тиісті ұсыным енгізіледі.

Еске сала кетейік, 2017 жылы Павлодар облысында 73 жемқорлық қылмыс жасалған болса, оның 29-ы білім беру саласына қатысты орын алған.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: ашық дереккөздерден

 

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам, білім, сыбайлас жемқорлық, Баянауыл ауданы