Мерейтойлық кешке оқушылар мен студенттер және ақын, Қазақстан жазушылар Одағы Павлодар облыстық филиалының төрағасы, «Алаш» сыйлығының иегері Арман Қани қатысты.

Естай, Жаяу Мұса, Иса Байзақовтардың ізін жалғастырушы сазгер Қайырбек Сәтиев «Павлодар облысының үздік композиторы» аталымына ие болған. Бүгінгі кеште сазгер өзінің ән жазуын 43 жасында бастағанын айтты.

- 91 жылдары Кенжекөлдің мектебінде музыка мұғалімі болып қызмет еттім, - деді Қайырбек Сәтиев. – Әр сыныпқа түрлі ұлттың әндерін орындау тапсырылды. Сонда бір бала берілген әнді айтпай, басқа ән жазып беруімді өтінді. Ата-анасы да келіп өтініп, ән жазбасқа болмады. Бәрі содан басталды. Қазіргі кезде әндерімнің саны 100-ден асты. Жалпы, адамды толғандырып, ән келіп тұрса жазу керек. Егер бойыңа ән келмесе, ойдан өнер құрастырудың қажеті жоқ.

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің директоры Жеңіс Молдабеков мерейлі кештің иесіне сазгердің портреті мен естелік сыйлық табыс етті.

Қайырбек Сәтиев 1948 жылы 1 қазанда Новосібір қаласында дүниеге келген. 1956 жылы ата қонысы Ақшиман ауылына көшіп келеді. 4-5 жасынан бастап музыка әлеміне құштар болып, гармон, баян аспаптарын меңгеріп, ел ішінде «гармоншы бала» атанады.

Өзінің сазгерлік жолында ПМПУ әнұранына айналған «Ұстаздар ордасы» әнін жазған. Жергілікті әнші Арман Хасенов орындап жүрген «Студенттер әні», «Жаңа жыл» және қазақ тойларына ажар беретін «Неке жүзік» сынды әндері ел арасына кеңінен таралған.

Оразбек Саяхат
Суреттер Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінен алынды

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, музей