Аталған бағдарлама тұрғындардың әлжуаз топтарын әлеуметтік көмек көрсетуге бағытталған. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлбарам Біләлова қаражатты игерудің сараптамасына сүйеніп, бюджеттік бағдарламаны түзету жөнінде ұсыныс жолдады.

- 2018 жылы 11 іс-шара бойынша 306 миллион теңгені құрайтын қаражат қажеттілігі белгіленген еді, - деп жеткізді Гүлбарам Біләлова. – Аталған қызмет көрсетуді алушылардың саны кемігеніне байланысты 11 миллион теңге үнемделді.

Бөлім басшысының сөзіне қарағанда, Ұлы Отан соғысының ардагерлері және оларға теңестірілген азаматтар, мүгедектер мен ауыр кеселдермен ауыратын азаматтар тізімдері 751 адамға азайған.

Қалалық білім беру ұйымдарының оқушылары мен тәрбиеленушілеріне қоғамдық көлікте жеңілдікпен жол жүру түріндегі әлеуметтік қолдау жөніндегі бюджеттік бағдарламаны қаржыландыру қысқартылатын болды.

Білім беру бөлімі басшысының орынбасары Гүлмира Әлкенованың ақпаратына сүйенсек, 2018 жылы бұл мақсатқа 3 568 000 теңге жұмсау жоспарланды. Іс жүзінде биыл қалалық бюджеттен оқушылардың жол жүруіне 2 169 000 теңге жұмсалды.

- Жазғы уақытта қалалық білім беру ұйымдарының оқушылары есебінен еңбек жасақтарының сарбаздарына 451 адамға 4800 теңгеге көмек көрсетілді, - дейді Гүлмира Әлкенова. – Көмек алушылардың 290 адамға азаюы себепті 1 399 000 теңге үнемделіп, қала бюджетіне қайтарылды.

Айбек Жұматов

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: мәслихат, әлеуметтік қолдау, депутаттар