Былтырдан бері аталған турнир республикалық жарыс мәртебесін иеленді. Биылғы жарыс ата басылым – «Сарыарқа самалы» газетінің 90 жылдығына арналып отыр. Еліміздің әр түкпірінен төл ойынды сүйетін жандардың басын қосатын дүбірлі дода

- Қазіргі таңда Павлодар облысының ғана емес, ел намысын абыроймен қорғап жүрген Диана Кенина, Серік Ақтаев, Жанат Қаймолдин, Роза Райымбекова, Анастасия Фоос секілді тағы да басқа өрендер осы «Сарыарқа самалы» газеті ұйымдастырған жарысқа тұрақты түрде қатысып, тәжірибе жинақтаған спортшылар. Басылымның жүлдесі үшін өтетін дәстүрлі турнирге кәсіпқой тоғызқұмалақшылар да, әуесқой спортшылар да қатыса алады. Жас ерекшелігіне шектеу қойылмайды. Сондықтан да республиканың әр түкпірінен бізге өтініштер көп түседі. Тіпті, «Сарыарқа самалының» дәстүрлі турнирі ауыл балаларының асыға күтетін мерекесіне айналды деп айтуға да болады. Басылымның дәстүрлі додасында бақ сынауға өзге мемлекеттің спортшылары да ниетті. Былтырғы жылы Қырғыз елінен спортшылар келіп, жарыс көрігін қыздырған еді. Алдағы уақытта Моңғолия мен Қытайдың тоғызқұмалақшылары да осы турнирге қатысуға ниет білдіріп отыр, - дейді тоғызқұмалақтан облыстың бас жаттықтырушысы Арыстан Қапаев.

Былтырғы жылы аталған турнирге барлығы 405 спортшы қатысып, рекордтық көрсеткіш орнатты. Қатысушылардың 59-ы марапатқа ие болған. Турнирге Павлодар өңіріндегі аудандар мен қалаларға қоса, Қостанай, Ақтөбе, Маңғыстау, Жамбыл облыстарынан, Астана мен Семей қалаларынан, Шығыс Қазақстан облысының бірнеше аудандарынан спортшылар қатысты.

Қырғызстан Республикасынан «Сарыарқа самалы» газетінің турниріне 3 спортшы келді. Жарыстың ең жас қатысушысы 5 жастағы павлодарлық Ермек Аронов болса, ең егде қатысушысы 75 жастағы ақсулық Бақыт Бадамшина болды. Жарыстың тағы бір ерекшелігі - жеңімпаздар естелік сыйлықтармен қоса спорттық дәрежесін де өсіріп, ары қарай ауқымды жарыстарға қатысуға мүмкіндік алады.

Турнирге қатысушылар 5 топқа бөлінеді.  Ұлдар мен қыздар 8,10,12,15  жасқа дейінгі, 16 жас және одан жоғары санатта сынға түссе, 5-ші топта ересектер өнер көрсетеді.

Алпысбай Хонж

pavlodarnews.kz

Тэги: