Еске салайық, Ертіс өңірінің бірқатар жоғары оқу орындарында «Құпия сатып алушы» әдісімен жүргізген мониторинг барысында кешенді тестілеу тапсыру кезінде заңға қайшы әрекетке жол берілгені анықталған болатын.

Бұл іске байланысты Республикалық БАҚ-та ИНЕУ университетіне қатысты ақпарат жарияланды.

Инновациялық Еуразия университетінің басшылығы БАҚ өкілдерімен өткізген брифингте ақпараттың аталмыш ЖОО-на қатысты емес екенін айтты.

-    Біз tengrinews.kz жариялаған ақпаратпен келіспейміз, - деді ИНЕУ ректоры міндетін атқарушы Никитин Евгений. – Біздің университет қоғамдағы жемқорлыққа қарсы әрекеттердің бәрін қолдайды. Біз әділ университеттер лигасына енгенбіз. ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облыстық департаментінің келтірген дерегі шындыққа жанаспайды. Құзырлы органдарға беделімізді қорғау үшін шағымдануға құқылымыз. Атап өтейін, ИНЕУ ҰБТ өткізетін орын. Өткізу уақыты министрлік тарапынан беткітіледі. Биыл ҰБТ маусым айында болды. Білім және ғылым министрлігі, құқық қорғау және ұлттық қауіпсіздік органдары өкілдері тарапынан ешқандай құқық бұзушылық туралы ескерту болған жоқ.



Никитин Евгений университет туралы жарыққа шыққан бейне жазбаның ИНЕУ қабырғасында түсірілмегенін атап өтті.

-    Біріншіден аталған бейнежазбада уақыт 1980 жылдың мамыр айының 15-і деп көрсетілген, - деді ректор міндетін атқарушы. – Бейнежазбада университетіміздің мәжіліс залында талапкерлерге тестілеу шарттары түсіндіріліп жатқан сәт көрсетілген. Ал, кеңес берушімен диалог түсірілімі мелекеттік заңнама құқығын бұзады. Бұл жері ИНЕУ-де түсірілмеген деп санаймыз. Жазбаны қараған адам бірден монтаж жасалғанын байқайды. Жарияланған бейнежазба арқылы біздің абыройымыз тапталғаны үшін біз шағым жасауға дайындалып жатырмыз. Университетіміз тек тестілеуге дайындау үшін курстар өткізуге шарт жасайды. 3 айлық курстың құны 50 мың теңге тұрады. Егер талапкер бізге ақылы оқуға қабылданса,  қаржы оның есебіне оқуына жұмсалады. Егер мемлекеттік грантқа өтсе ақша оған қайтарылады. Егер басқа ЖОО-на түссе немесе мүлдем түспесе ол қайтарылмайды. Өйткені біз қызмет көрсеттік.

ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Павлодар облыстық департаментінің сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының бас маманы Руслан Әмірханов аталмыш оқиға толық көрсетілген 2 сағаттық бейнежазба бар екенін айтты.

-    Қоғам белсендісімен кешенді тестілеуді тапсыру бойынша сараптама жасалды, - дейді Руслан Әмірханов. – Сараптама қорытындысы бойынша тестілеуде Whatsapp хабарламалары арқылы көмек көрсетілгені анықталды. Жазбада оператор болған, көмектескен 10 оқытушының аты-жөні де бар. Бейнежазба білім және ғылым министрлігіне жіберіледі. Министрлік өздері шара қолданатын болады.

Оразбек Саяхат
Фото: Светлана Воронова

pavlodarnews.kz

Тэги: