Айта кетейік, Зара Қожахметова – Кеңес Одағының әйел мұғалімдер арасында өткен «Жыл мұғалімі» байқауының жүлдегері, «Қазақ КСР ағарту ісінің үздігі», Павлодар облысының құрметті азаматы, «Парасат» орденінің иегері, «Қазақстан мұсылман әйелдері лигасы» облыстық филиалының алғашқы төрайымы.

Шараға Зара Қожахметовамен бірге қызмет атқарған әріптестері, «Қазақстан мұсылман әйелдері лигасы» облыстық филиалының мүшелері, Абай атындағы №10 мектептің оқушылары қатысты.

№10 дарынды балаларға арналған мектептің директоры Самал Айтқазина бүгінгі кештің мақсаты ардагер ұстаздың ғибратты ғұмырын оқушыларға таныстыру екенін айтып өтті.

- Дәл бүгін Зара Қожахметованың туған күні, - деді Самал Айтқазина. – Барлық саналы ғұмырын мектеп қабырғасына арнағандықтан ол кісіге арналған кітапты әріптес болған ұстаздарға, оқушыларға таныстырмақпыз. Зара апамыз осы мектептің табалдырығын аттап, осы мектепті аяқтады. Кейін еңбек жолын да осында өткізді. Еңбек кітапшасында бір ғана жұмыс орыны көрсетілген. Ол - №10 мектеп. Мектебімізде «Аналар мектебі» мен «Аталар мектебін» ұйымдастырып, балаларға ұлттық тәрбиені насихаттаған еді. Былтыр «Достық» үйінде кітаптың тұсауы облыстық деңгейде кесілген болатын. Алайда өзгелер ғибрат алатындай ітері көп болғандықтан сол кітап не жайлы екенін білдіргіміз келеді. Осында келген әрбір адам ол кісі туралы жақсы-жақсы естелік айта алады.

Кеш барысында кітаптың тұсауын аталмыш білім ордасының ардагер ұстазы, Зара Қожахметованың әріптесі Сәркен Құсманқызы кесті.

«Ұлтын ұлықтаған асыл ана» кітабының авторы, ҚР құрметті журналисті, «Құрмет» орденінің иегер, Железин ауданының құрметті азаматы Ғалия Балтабай еңбекте Зара Қожахметованың бейнесі жақсы ашылғанын тілге тиек етті.

- Кітабымыз аз ғана уақытта сәтті басылып шықты, - деді Ғалия Балтабай. – Осы Абай атындағы №10 мектеп те кітаптың жарыққа шығуына көп көмек берді. Зара апай қай ортада болсын өте беделді адам болды. Бүгінгі еңбекте ол кісі туралы ойлар бірін-бірін қайталамайды. Біреу белсенділігін, біреу асыл әже екенін, бірі аяулы ана, бірі қоғам қайреткері екенін, бірі ұстаздық қасиетін айтып Зара апамыздың бейнесін аша білді. Балаларға айтарым: Зара апамыздай болыңдар! Ол кісінің мектепке сәлем салып кіретінін естіген болатынмын. Бағана біз осы мектепке кіргенде бәрі алдымыздан жүгіріп шығып қарсы алып жатыр. Басқа мектепке барсаң кейбірі қағып өтеді. Сол тәрбиенің бұл ордада қалыптасқанын байқап, риза болдым. Әлі талай Зара апамыздың бейнесін ашатын естеліктер бар. Егер мүмкіндік болып жатса, жарыққа тағы бір кітап шығаруға болады.

Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам